Қазақстан Ішкі істер министрлігі көлік құралдарын тіркеу және жүргізуші куәлігін алу емтихандарын тапсыру ережелеріне өзгерістер әзірледі. Ведомствоның түсіндіруінше, жаңашылдықтардың мақсаты — мемлекеттік қызметтерді жеңілдетіп, жылдам алу, сондай-ақ артық рәсімдерді алып тастау, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Атап айтқанда, көлік құралын қайта жабдықтағаннан кейін бөлек тексеру қажет болмайды — енгізілген өзгерістердің қауіпсіздігін растайтын құжат жеткілікті. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді.

Өзгерістер жүргізуші куәлігін енді ғана алуға ниеттенгендерге де қатысты. «Егер емтиханды бірінші реттен тапсыра алмасаңыз, оны келесі жұмыс күні қайта тапсыруға болады. Екінші сәтсіз әрекеттен кейін дайындыққа 10 күнтізбелік күн беріледі. Теориялық немесе практикалық емтиханды үш рет теріс нәтижемен тапсырғаннан кейін тиісті емтиханды қайта тапсыру ақылы негізде жүзеге асырылады. Бұл шара кандидаттардың емтиханға берік біліммен келуіне бағытталған», — деді ІІМ-де.

Сонымен қатар, практикалық емтихан тапсырылмаса, теориялық емтиханның оң нәтижесі енді жойылмайтыны атап өтілді.

Шетелдік жүргізуші куәліктерін ауыстыру тәртібіне де өзгерістер енгізілді. «Шетелдік жүргізуші куәліктерін ауыстыру тек теориялық емтиханды оң нәтижемен тапсырғаннан кейін және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның ресми сұрауы бойынша шет мемлекеттің құзыретті органынан жүргізуші куәлігінің түпнұсқалығын растауды алғаннан кейін жүзеге асырылады. Бұл — біздің жолдарымыздағы жалған құжаттардан қорғаныс», — деді ведомство.