Последнее обновление

(Время обновление 2 месяца назад)
7 тамыз бүкіл әлемдік ядролық қаруға тыйым салу күні

7 тамыз – ядролық қаруға тыйым салу күні. Бұл күн адамзат тарихындағы ең қасіретті сәттердің бірі – 1945 жылы Хиросима қаласына атом бомбасының тасталуымен тығыз байланысты. Сол күні таңғы 8:15-те АҚШ-тың B-29 Enola Gay бомбалаушы ұшағы «Little Boy» (қазақша – «Бала») атты ядролық қаруды тастады. Нәтижесінде 140 мыңнан астам адам қаза тауып, мыңдағаны із-түзсіз жоғалды. Қала күл-талқан болып, тіршілік атаулыны жалмаған алапат жарылыс адамзат үшін бұрын-соңды болмаған апаттың шындығын ашты.

Содан бері жыл сайын дәл осы сағатта жапон халқы үнсіздікпен құрбан болғандарды еске алады. Үнсіздік – бұл қарсылықтың үнсіз үні, қайғының мәңгілік белгісі.

Атом қасіреті тек Жапониямен шектелген жоқ. 1949 жылы 29 тамызда Семей даласында алғашқы ядролық сынақ жүргізілді. 40 жыл бойы қазақ даласы полигонға айналып, 456 ядролық жарылыс жасалды. Оның 116-сы жер үстінде, әуеде өтті. Миллиондаған гектар жер уланды, мыңдаған отбасы сәуле зардабын тартты.

Ядролық қарудың зардабын көзімен көрген, денесімен сезінген халық ретінде Қазақстан бейбіт бастамаларымен әлемге үлгі болып келеді. Ел тарихы ядролық сынақтардың тек ғылыми тәжірибе емес, адам өміріне төнген тікелей қауіп екенін көрсетті.

Бұл күн – еске алу ғана емес, ескерту. Ядролық апат ешқашан қайталанбауы тиіс.

You Might Also Like

Новости

Реклама