Последнее обновление

(Время обновление 16 минут назад)
76 жастағы қария 3 мың шақырымнан астам жолды жаяу жүріп өтіп, Парижге жетті

Қазақстандық саяхатшы, 76 жастағы Сәрсенбай Қотырашов Ұлытаудан шығып, 53 күнде 3 мың шақырымға жуық жолды жаяу жүріп өтіп, Парижге жетті. Бұл туралы 24.kz арнасы хабарлады.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Еуропаға саяхат

Бұл саяхатшының Еуропадағы төртінші сапары. Ол бұған дейін төрт жыл бұрын Қазақстанды түгел аралап шыққан, содан кейін Кавказ арқылы Ыстамбұлға, кейін Алтай мен Моңғолия арқылы Бейжіңге дейін жаяу жүрген.

Еуропадағы сапары оңай болмады. Қатаң ережелерге байланысты автобанның тіке жолдарымен емес, көбінесе велосипед жолдарымен және тас жолсыз жерлермен жүруге тура келді. Тіпті, чемоданы бар арбасы да бұзылған, бірақ саяхатшы өз мақсатынан танбаған.

Гиннесс рекордтар кітабына ену мақсаты

Сәрсенбай Қотырашовтың айтуынша, оның басты мақсаты – 75 жастан асқан еңбеккер саяхатшы ретінде Гиннесс рекордтар кітабына ену. Ол үшін экватор ұзындығынан асатын 40 мың шақырымды жүріп өтуі керек. Қазіргі таңда оның жүрген жолы 18 мың шақырымды құрайды.

«Менің үлгі боларлық әрекетім арқылы бүкіл әлемге қазақтың ерік-жігері мол, мықты халық екенін жеткізгім келеді. Біздің ата-бабаларымыз темірді алғаш игеріп, металмен жұмыс істеп, астрономиямен айналысқан, атты тұңғыш мінген. Менің мақсатым – 75 жастан асқан жаяу саяхатшы ретінде Гиннесс рекордтар кітабына ену. Бұл үшін экватор ұзындығынан асатын жолды жүріп өту қажет – бұл 40 мың шақырым, ал менде бүгінгі таңда 18 мың шақырым бар. Орындалатынына сенемін», - деді Сәрсенбай Қотырашов.

Қазақ мәдениетін насихаттаушы

Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде қазақстандық саяхатшыны қазақ мәдениетін насихаттаушы ретінде қарсы алды. Халықаралық ұйым өкілдері оның ерен еңбегін жоғары бағалап, Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдігіне алғыс білдірді.

Үйіне оралған соң, қария ұсталық жұмысын жалғастырып, демеушілер іздеп, жаңа сапарға дайындалмақшы. 2027 жылы Сәрсенбай Қотырашов АҚШ-қа саяхат жасап, сегіз штатты жаяу аралауды жоспарлап отыр.

Новости

Реклама