madeniportal.kz
- 18 февр. 2026 08:30
- 16
«Адамдар шыбынша қырылады»: Ахметбек Нұрсила ораза ұстауға қатысты пікір білдірді
Блогер, белсенді Ахметбек Нұрсила ораза ұстау кезінде су ішпеудің салдарынан адамдардың денсаулығына қауіп төнуі мүмкін екенін айтып, жұртшылықтың қызу талқысына түсті.
Оның айтуынша, жаздың аптап ыстығында сусыздықтан қан қоюланып, инсульт пен инфаркт қаупі артады. «Жаздың күні ораза кезінде адамдар шыбынша қырылады. Ауруына ауру жамап алады. Қаның қоюланып, холестерин жиналады. Инсульт, инфаркт алу қаупі 100 есе артады. Өйткені, қанның 90 пайызы су. Су ішпегеннен кейін термен бірге шығып, қан одан сайын қоюланады», – дейді Нұрсила.
Ол имамдарға оразаны су ішіп ұстауға рұқсат беруді немесе толықтай ашығуға мүмкіндік беруді ұсынды. «Су ішіп ашығуға рұқсат берсе, солай істеңіздер. Ал сусыз ашығуға рұқсат берсе, одан бас тартқан дұрыс. Сусыз өмір жоқ», – деп қорытындылады блогер.
Ахметбек Нұрсиланың бұл пікірі әлеуметтік желіде қызу талқыға айналды. Көпшілік оның сөзімен келіспей, бұрынғы біліміне сай емес салаға араласып кеткенін сынға алды. Желі қолданушылары «Шілденің ыстығында да ораза ұстадық, ешкім қырылған жоқ», «Араб елдерінде жыл бойы ыстық, бірақ ешкім қырылмайды ғой» деп пікір білдірді.