Последнее обновление

(Время обновление 6 часов назад)
Алаяққа алданбаңыз: Алматы әкімдігі «қара тізімге» енген 28 тұрғын үй кешенін атады

Пәтер аламын деп сан соғып қалмаңыз. Алматы әкімдігі мен «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» (ҚЖК) үлескерлерден қаражат тартуға ресми рұқсаты бар тұрғын үй кешендерінің жаңартылған тізімін ұсынды. Қазіргі таңда мегаполистегі 28 нысан ғана заңды түрде жұмыс істеп тұр.

Бұл тізім әсіресе ипотека немесе бөліп төлеу арқылы баспаналы болғысы келетіндер үшін өте маңызды. Құжаттары түгел 28 нысанның толық тізімін мына сілтеме арқылы көре аласыздар.

Заң қатайды: Енді жарнамаға да шектеу бар

Естеріңізде болса, биылғы маусым айында «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңға маңызды өзгерістер енгізілген еді. Енді құрылыс компанияларына қатысты талап күшейді. Егер заңсыз салынған үй болса, оны жарнамалаудың өзі қылмыс болып саналуы мүмкін.

Заң бойынша, төмендегідей жағдайларда құрылыс салушыға көпқабатты немесе жеке үйлерді жарнамалауға тыйым салынады:

  • Үлескерлерден ақша тартуға рұқсаты болмаса;

  • Бірыңғай оператормен кепілдік шарты жасалмаса;

  • Екінші деңгейлі банк арқылы жобалық қаржыландыру жоқ болса.

Бұрын тек жобалық құжаттама бекітілсе болды, жарнама бере беретін «тесік» заңнамадан алынып тасталды. Бұл — «котлован» кезінде халықтан ақша жинап алып, ізін суытатын алаяқ компаниялардың жолын кесу үшін жасалған қадам.

Сонымен қатар, заңға «жеке тұрғын үйлер кешені» деген жаңа ұғым енгізілді. Енді мұндай коттедж қалашықтары да үлестік қатысу заңына толық бағынуы тиіс.

Құрылыс компаниясын қалай тексеруге болады?

Үй алмас бұрын, "жеті рет өлшеп, бір рет кескен" жөн. Әкімдік өкілдері кез келген тұрғын үй кешеніне ақша құймас бұрын, оның құжаттарын мұқият тексеруге кеңес береді.

Ол үшін арнайы сенім телефондары мен ресми порталдар іске қосылған:

  1. Құрылысқа рұқсат қағаздары бар-жоғын білу үшін: Қала құрылысын бақылау басқармасының анықтамалық call-орталығына хабарласыңыз: +7 (705) 896-6000.

  2. Үлескерлерден ақша жинауға рұқсаты бар-жоғын білу үшін: Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасына қоңырау шалыңыз: +7 (727) 240-80-00.

  3. Онлайн тексеру: «ҚЖК» АҚ-ның тұрғын үй порталы — homeportal.kz сайтында барлық ақпарат ашық көрсетілген.

You Might Also Like

Новости

Реклама