tengrinews.kz
- 12 апр. 2026 14:30
- 30
Алматы маңындағы «сары гүл теңізі» инста-жұлдыздарды баурап алды
Алматы маңындағы жайнаған сары гүлдер алқабы әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, көпшіліктің назарын аударды. Бұл көктемгі табиғат көрінісі табиғат әуесқойлары мен фотографтарды өзіне тартты.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматылық Надежданың айтуынша, бұл жер гүлдеу маусымында жыл сайын танымалдылыққа ие болады. Оның сөзіне қарағанда, бұл алқап қаладан шамамен бір жарым сағаттық жерде, нақтырақ айтсақ, Шарын шатқалына бұрылар тұста орналасқан.
Гүлдердің пайда болу уақыты
«Егер 2024 жылы бұл жер 16 сәуірде гүлдесе, өткен жылы 12-сінде, ал биыл әлеуметтік желіде 4-і күні-ақ суреттер пайда бола бастады», - дейді ол.
Саяхатшының айтуынша, бұл жерге баруды шатқалға барумен оңай ұштастыруға болады.
«Даланың иісі таңғажайып, тынысқа толтырып, бойға сіңіргің келеді», - деп бөлісті ол өз әсерімен.
Кейбір туристер бұл жерді Көкпек ауылы маңындағы аумақ ретінде де көрсетеді.
Не дайындау керек?
Әлеуметтік желідегі жазбалардан кейін осы жерге аттанған 33 жастағы саяхатшы Самғар жолға алдын ала дайындалу керектігін айтты.
«Жолға шығар алдында маған қалпақ пен күннен қорғайтын крем қажет болды», - деп кеңес берді ол.
Даладағы көктемгі күннің әсері күшті болуы мүмкін, сондықтан туристерге су, ыңғайлы аяқ киім алып, телефондары мен камераларын зарядтап алу ұсынылады. Самғардың өзі келесі жолы мұнда фотосессияға келуді жоспарлап отырғанын мойындады.
«Әр маусымның өзіндік тамаша сәті бар, мен бұл сәтті фото немесе видеоға түсіріп, әлемге көрсеткім келеді. Саяхаттың қиындықтары бар, бірақ маған осылай жүру ұнайды», - деді ол.
Танымалдылықтың екінші жағы
Туристердің айтуынша, бұл жер тез арада танымалдылыққа ие болуда. Надежда өзі барғанда адамдардың ұқыпты болғанын, суретке түсіп, кетіп қалғанын атап өтті.
«Бірақ мен көліктердің жолмен емес, тікелей даламен және гүлдердің үстімен жүріп өткен бейнелерді көрдім», - деп қосты ол.
Самғар да өзі барған күні адамдардың көп болғанын растады.
«Адам көп болды. Полиция қызметкерлерін байқамадым», - деп нақтылады ол.
Саяхатшылар атап өткендей, туристердің көптеп келуі бұл табиғи жерге үлкен қауіп төндіруі мүмкін.
Бұған дейін Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Шымкент маңындағы танымал жерде өсетін Қызыл кітапқа енген қызғалдақтарды жұлу немесе бүлдіру үшін 3000 АЕК-ке дейінгі (12 975 000 теңге) айыппұл немесе түзету жұмыстары, бас бостандығын шектеу немесе үш жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын хабарлаған болатын.