Последнее обновление

(Время обновление 0 минуты назад)
Америкалық саяхатшының Қазақстанға қатысты шағымы жалғасын тапты

Америкалық тревел-блогер Коннордың Қазақстанға келгенде ешкім қарсы алмағаны туралы айтқан шағымынан кейін жағдай өзгеріп, саяхатшы елді аралауды жалғастырды. Ол жаңа әсерлерімен бөлісіп, маршрутын ұйымдастыруға көрсеткен көңіл мен көмекке алғыс білдірді.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Іс неден басталды?

Бұған дейін әлеуметтік желіде @camperghini лақап атымен танымал америкалық автосаяхатшы Коннордың видеосы қызу талқыланған болатын. Ол Қазақстанға өз көлігімен келгенін және сапары бірнеше ай бойы жоспарланғанын айтқан еді. Блогердің сөзінше, оны шекарада қарсы алады деп күткен, алайда бұл орындалмаған.

«Сізді ресми түрде бір елге шақырып, бірнеше ай бойы жоспарларды талқылап, келісімдер жасағаннан кейін, келген күні Туризм министрлігі сізді ұмытып кетеді деп елестете аласыз ба? Оның орнына бізді ешкім қарсы алмады. Тіпті, біз елге не үшін кіріп жатқанымызды сұрап жауап алдық», - деген еді ол.

Бұл мәлімдемелер әлеуметтік желіде тез таралып, көпшіліктің назарын аударды. Қазақстан Туризм және спорт министрлігі ресми түрде блогерге ешқандай шақыру жіберілмегенін хабарлады.

Саяхатшы не айтты?

Жағдай тез арада өзгеріп, саяхатшының сапары оң бағытта жалғасты. Коннор жаңа видео жариялап, Алматыдағы сауда орталығында түнегенін айтты. Сондай-ақ, ол қазақстандық блогер Баян Алагөзованың үйіне қонаққа барып, бірге түсірілген видео әлеуметтік желіде пайда болды.

Блогерді қазақстандық блогерлер, соның ішінде Артур Асқарұлы бастаған топ моншаға да шақырды. Бұл кездесулердің де видеолары әлеуметтік желіде жарияланды. Оның сапарының бір бөлігі Төтенше жағдайлар министрлігінің жұмысымен танысу болды. Оған іздеу-құтқару операцияларында қолданылатын техникалар көрсетілді. Министрлік мәліметінше, блогерге Tesla Cybertruck және мамандандырылған жедел жәрдем көлігі сияқты инновациялық үлгілер қызығушылық тудырған.

Коннор Қазақстанмен танысуды қызығушылықпен жалғастырғанын және сапарынан оң әсер алғанын атап өтті. Ол Алматы мен Алматы облысының бірнеше танымал жерлерін аралап, сапары туралы видео түсіріп, кейіннен ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.

Новости

Реклама