Оксана Матасова/Kazinform
- 07 июн. 2026 16:00
- 44
Ақмола облысында алғашқы қоқыс сұрыптау және қайта өңдеу зауыттары салынуда
Ақмола облысындағы Көкшетау қаласы, Бурабай және Зеренді аудандарында алғашқы қоқыс сұрыптау және қайта өңдеу зауыттарының құрылысы басталды. Бұл жоба өңірде қалдықтарды басқарудың заманауи және экологиялық қауіпсіз жүйесін қалыптастыруға серпін береді.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жобаны «Эко DUMP» ЖШС жүзеге асыруда. Келісімшарт биыл ақпан айында облыс әкімдігі мен компания арасында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жасалған. Барлық үш зауыттың жылдық жобалық қуаттылығы – 150 мың тонна қоқыс.
Зауыттардың орналасуы және қуаттылығы
Көкшетау қаласында жылына 70 мың тонна өңдейтін бір кешен, ал Бурабай және Зеренді аудандарында әрқайсысы жылына 40 мың тонналық екі кешен орналасады. Мұнда қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу және залалсыздандырудың озық технологиялары қолданылмақ.
Туристік аймақтарға ерекше назар
«Бұл орындар кездейсоқ таңдалған жоқ. Көкшетау – облыс орталығы, халқы ең көп шоғырланған жер. Ал Бурабай мен Зеренді – туристік орындар, оларға келушілер саны көп болғандықтан, антропогендік жүктеме жоғары. Сондықтан біз бұл аумақта электр қуатымен жүретін қоқыс таситын көліктерді қолдану бойынша пилоттық жобаны іске асыруды қарастырып отырмыз», – дейді Ақмола облысы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Батыржан Әбілпейісов.
Жоба аясында Боровое, Щучье, Үлкен және Кіші Чебачье, Қатаркөл көлдерінің жағалауларында және іргелес елді мекендерде қалдықтарды бөлек жинау ұйымдастырылады.
Қалдықтарды өңдеудің жаңа мүмкіндіктері
Жобада пластик, органикалық қалдықтар, қағаз бен картон, металл, шыны, ағаш және құрылыс қалдықтары сияқты негізгі фракцияларды бөлу арқылы кешенді сұрыптау қарастырылған. Пластикті қайта өңдеу арқылы ПЭТ-гранулят алу жоспарланууда. Органикалық қалдықтар мен қоқысты елеуден өткізу кезінде пайда болатын қалдықтар үшін анаэробты биотермиялық ыдырату технологиясымен жұмыс істейтін климаттық камералар құрылады. Оның нәтижесінде биогумус, техногрунт және RDF-отын өндіруге арналған компоненттер, сондай-ақ бұрынғы және жабық полигондарды қалпына келтіруге пайдаланылатын инертті материал алынады.
«RDF-отын – бұл цемент зауыттарында қолданылатын, залалсыздандырылған құрғақ фракция. Өйткені цемент пештеріндегі температура 1200 градустан асады. Қазіргі уақытта цемент зауыттары қауымдастығы RDF-қалдықты отын ретінде қолдану бойынша ұлттық стандартты әзірлеуге тапсырыс берді. Жыл соңына дейін стандарт күшіне енеді деп күтілуде. Сондай-ақ, жеке климаттық камераларда тыңайтқыш пен ұсақталған жапырақтар мен бұтақтар араласқан қалдықтар өңделеді. Бұл жоғары сапалы тыңайтқыш – биокомпост береді. Біздің мақсатымыз – «полигон» деген ұғымнан толық бас тарту, ешқандай қалдық жерленбеуі тиіс», – дейді «Эко DUMP» ЖШС директоры Мәриям Әбішева.
Жобаның жалпы құны – 7,2 млрд теңге. Оның 70%-ы «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы «Жасыл Даму» АҚ қаражаты есебінен, 30%-ы Ақмола облысы әкімдігімен жасалған МЖӘ аясында қаржыландырылады.
Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтап, 2027 жылдың бірінші тоқсанында зауыттарды пайдалануға беру жоспарлануда. Үш зауытта 150 жаңа жұмыс орны ашылады.