Photo: Bia Limova (https://www.pexels.com/@bia-limova-1908542654) / Pexels
- 17 мая 2026 01:01
- 29
Ақтөбеде жаназаны тойға айналдырған әрекет жұртшылықты таңғалдырды
Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында 84 жастағы әже дүниеден озды. Алайда, оның жаназасынан кейінгі рәсімдер жұртшылықты таңғалдырды. Өлген үйдің иелері марқұмның артынан той жасап, жиналған халыққа алтын, кілем, көйлек және басқа да бағалы заттарды таратып, жұртты елең еткізді.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Арнайы дайындалған «тойбастарды» халық күліп, қол соғып қабылдап алған. Бұл көрініс әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқылау тудырды. Көпшілік мұндай әрекетті қазақ салты мен дәстүріне жат деп санады.
Сынға алынған дәстүр
Белгілі журналист Гүлмира Әбіқай бұл жағдайды сынға алып, «Қандай болмасын өлімнің аты – өлім, ажалдың аты – ажал. Өлік шыққан үй – қаралы. Өлімнің көркі – жоқтау» деп пікір білдірді. Ол қазақ халқының дәстүрінде 90 жастан асқан адамның артынан ғана той жасалатынын, оның өзінде тек тәбәрәк таратылатынын еске салды. Жылдық астан кейін ғана арнайы той ұйымдастырылатынын айтты.
Журналист марқұмның жеке заттарын жаназадан кейін жақындарына аманаттап таратса жеткілікті екенін, ал жерлеу рәсімінен кейін бірден той жасап, сандықтарды ақтарып, халыққа зат таратудың өзінің жүрегін ауыртқанын жеткізді. Ол мұндай әрекеттің халыққа салмақ салатынын айтып, күйінішін білдірді.