ашық дереккөз
- 25 февр. 2026 10:30
- 28
Ақтөбеде күйеуін өлтірген әйел сот залынан босатылды
Ақтөбеде күйеуін өлтірді деген айыппен сотталған 37 жастағы Ксения Седова сот залынан босатылды. Бұл туралы Politico.kz хабарлады.
Оқиға өткен жылдың көктемінде болған. Тергеу мәліметтері бойынша, әйел жазғы ас үйде тамақ дайындап отырғанда, мас күйде келген жұбайымен жанжал шыққан. Сол кезде Седова күйеуіне екі рет пышақ сұғып, салдарынан ол қайтыс болған.
Бастапқыда әйел «Адам өлтіру» бабымен қамауға алынғанымен, кейін іс «Жан күйзелісі (аффект) жағдайында жасалған адам өлтіру» бабына ауыстырылып, амнистияға ілігіп босатылған еді. Алайда, жәбірленуші тараптың адвокаты мемлекеттік сараптама қорытындысына күмән келтіріп, жеке сарапшыға жүгінген. Сарапшының пікірінше, Седова қылмыс кезінде аффект жағдайында болмаған. Осыдан кейін 2025 жылдың қазан айында әйел қайта қамауға алынды.
Сот процесінде Седованың күйеуінің алкогольге тәуелділігінен жиі зорлық көргені, тіпті полицияға бірнеше рет шағымданғаны белгілі болды. Ол қайғылы оқиға күні де соққыға жығылғанын айтты.
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты Седованы аффект жағдайында адам өлтіргені үшін 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Алайда, амнистия заңы қолданылып, әйел сот залынан босатылды. Сот үкімі шығарылар алдында, айыпталушыны жеке тексермегені үшін басқа бір өңірлік сарапшының қорытындысы жарамсыз деп танылды.