operations@newsimages.co.uk/depositphotos.com
- 16 апр. 2026 03:00
- 31
«Арсенал» мен «Спортинг» матчында жартылай финалға шыққан команда анықталды
16 сәуірге қараған түні лондондық «Арсенал» Чемпиондар лигасының 1/4 финалында португалиялық «Спортингпен» тең ойнап, жартылай финалға шықты. Бұл туралы Tengri Sport хабарлайды.
Матч Лондондағы «Эмирейтс» стадионында өтті. Бірінші ойында «Арсенал» 1:0 есебімен жеңген болатын.
Командалардың құрамы
«Арсенал»: Райя (Қ), Москера, Салиба, Габриэл, Хинкапи, Субименди, Райс, Эзе, Мадуэке, Мартинелли, Дьекереш.
«Спортинг»: Силва (Қ), Куарежма, Диоманде, Инасиу, Араухо, Морита, Хьюльман, Тринкао, Гонсалвеш, Катамо, Суарес.
Матч барысы
Ойынның бірінші жартысында екі команда да допты теңдей иеленді – 53%-47%. Бірінші таймның соңында «Спортинг» есеп ашуға жақын келді, алайда шабуылшы Жени Катамоның соққан добы штангаға тиіп, қақпадан тысқары кетті.
Екінші таймда «Арсенал» ойыншысы Нони Мадуэке жарақат алып, 63-минутта алаңнан шықты. Оның орнына 16 жастағы Макс Доуман шықты.
84-минутта «Арсенал» тарапынан да штангаға соққы болды. Макс Доуманның бұрыштамадан берген добын Леандро Троссард басымен қақпаға бағыттады, бірақ доп тағы да штангаға соғылды.
Матчтың қорытынды есебі – 0:0. Бірінші ойынның нәтижесімен есептелгенде, «Арсенал» 1:0 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша, лондондық «Арсенал» Чемпиондар лигасының жартылай финалына жолдама алды. Онда команда мадридтік «Атлетикомен» кездеседі.