
- 13 авг. 2025 20:22
- 14
ArtSportEdu жеткізушілері Шымкент әкімдігін сотқа берді
Шымкентте кәсіпкерлер мен жергілікті билік арасында даулы жағдай туындады. ArtSportEdu жеткізушілер қауымдастығы бірыңғай мемлекеттік тапсырыстың пилоттық жобасы аясында енгізілген жаңа шарттарға келіспей, қалалық әкімдікті сотқа бергенін мәлімдеді.
Қауымдастық өкілдерінің айтуынша, жобаға енгізілген өзгерістер жеткізушілермен алдын ала талқыланбаған, ал жаңа ережелер басқа ұйымдардың қатысу мүмкіндігін шектейді. Тек тарифтердің төмендеуі ғана емес, үйірме мен секцияларды ұйымдастырушыларға қойылатын талаптардың қатаюы да кәсіпкерлердің наразылығын туғызған.
ArtSportEdu құрылтайшысы Жанар Тұрғынбаева бұл мәселеде әкімдік тарапынан жеткізушілердің пікіріне құлақ асу байқалмағанын айтады:
— Біз Шымкент әкімдігінің позициясымен келіспейміз. Қаладағы қаулы балалардың да, кәсіпкерлердің де құқықтарын шектейді, жағдайын ауырлатады. Жаңа тарифтер әділ емес, ал талаптар тым қатаң, — деді ол.
Сонымен қатар, кәсіпкерлер үй-жайлардың көлемі мен параметрлеріне қатысты талаптардың, балалардың бір секциядан екіншісіне ауысу тәртібінің, сондай-ақ ваучерлерді пайдалану тетіктерінің түсініксіз екенін алға тартады. Қазір бұл мәселе сот қарауында.