
- 08 авг. 2025 14:27
- 24
Астанада мүгедектігі бар баланы топ болып зорлады деген күдікке алты адам ілінді
Астанада мүгедектігі бар баланы топ болып зорлады деген күдікке алты адам ілінді
Астанада 2-топ мүгедектігі бар жасөспірімге қатысты жантүршігерлік оқиға қоғамның назарын аудартты. Анасының айтуынша, баласын бірнеше адам бірнеше рет зорлаған. Қылмыстық іс қозғалғанымен, күдіктілер әлі бостандықта жүр.
Редакцияға жолданған бейнежазбада жәбірленушінің анасы ұлының интернет арқылы танысқан бірнеше адам тарапынан қорлық көргенін айтып, тергеудің баяу жүріп жатқанын алға тартты.
«Істі бастапқыда Нұра ауданында тіркеді, бірақ ол жерде істі жабуға тырысты. Біз Астана қалалық полиция департаментіне беруге қол жеткіздік. Тергеу төрт айдан бері жүріп жатыр. Алты күдіктінің бәрі бостандықта. Сот-медициналық сараптама зорлықтың болғанын растап тұр. Ұлым ауыр психологиялық жағдайда. Бала кезінен мүгедектігі бар, енді оған қосымша «эпилепсия» диагнозы қойылды. Бұл болашақта қалай әсер ететінін елестету де қорқынышты. Осындай ауыр соққыдан кейін мен инсульт алдым», — деді жәбірленуші баланың анасы.
Оның айтуынша, баласы күдіктілердің бірімен онлайн ойын арқылы танысып, кейін үйіне барған. Сол жерде зорлық-зомбылық орын алған.
Астана қалалық полиция департаменті бұл жайтқа қатысты түсініктеме берді:
«Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Бірқатар сот сараптамалары тағайындалды. Қорытындыларға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады. Барлық тергеу әрекеттері заң аясында және қылмыстық процеске қатысушылардың құқықтарын сақтай отырып жүргізіліп жатыр», — делінген ресми жауапта.
Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды. Бұған дейін де Түркістан облысында мүгедектігі бар жасөспірімді ауылдастары бірнеше жыл бойы зорлап келгені туралы ауыр оқиға хабарланған еді.
Қоғам белсенділері мен құқық қорғаушылар осындай оқиғаларда тергеу органдарының немқұрайлы әрекетін сынға алып, әділдік орнатуды талап етуде.