f.azh.kz
- 18 февр. 2026 02:30
- 23
Атырауда 4 мыңнан астам адам көлік салығын төлемеді
Атырау облысында 4 мыңнан астам адам көлік салығы бойынша берешегі бар. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Көлік салығы бойынша берешек
Аймақтағы Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының міндетін атқарушы Бисем Юсубалиевтің айтуынша, жеке тұлғалар жыл сайын 1 сәуірге дейін көлік салығын, ал 1 қазанға дейін мүлік салығын төлеуге міндетті. Өткен жылға есептелген мүлік салығын төлеу мерзімі 2026 жылдың 1 қазанына дейін белгіленген.
Бүгінгі таңда 4 246 адамның көлік салығы бойынша 321 миллион теңге берешегі бар. Оның 226 миллионы – негізгі қарыз, 95 миллионы – мерзімі өткені үшін есептелген айыппұл.
Мүлік салығы бойынша 10 415 адамның 50 миллион теңге берешегі тіркелген.
Салық төлемеудің салдары
Мерзімінде салық төлемеген жағдайда, салық төлеушіге хабарлама жіберіледі. Егер қарыз өтелмесе, салық бұйрығы шығарылып, материалдар мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдану үшін жеке сот орындаушыларына беріледі.
Көлік салығын есептеудегі өзгерістер
Биылдан бастап көлік салығын есептеу тәртібіне өзгерістер енгізілді. Енді көліктің жасы ұлғайған сайын салық жүктемесі азаяды. 10 жылдан асқан жеңіл көліктерге салық 30%, ал 20 жылдан асқан көліктерге 50% жеңілдік қарастырылған.
Сонымен қатар, шаруа қожалықтары бір пикап үшін салықтан босатылады.
Жылжымайтын мүлік салығы
Қымбат мүлік иелері үшін жаңа салық тәртібі енгізілді. Егер бір адамның үйлері, ғимараттары және басқа да мүліктерінің жиынтық құны 450 миллион теңгеден асса, бұл шектен асқан сомаға қосымша 2% салық есептеледі.