Photo: Dom J (https://www.pexels.com/@dom-j-7304) / Pexels
- 16 февр. 2026 05:00
- 19
Баласы мүгедек болған соң күйеуі тастап кеткен: Полицей 9 күнде жалғыз анаға баспана алып берді
Алматы қаласы Наурызбай аудандық полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы Қанатбек Парманов тағдыр тәлкегіне ұшыраған жалғыз анаға үлкен көмек қолын созды. Рейд кезінде кездескен Роза Дәуренова есімді әйелдің мүгедек ұлына баспана сатып алуға полиция қызметкері 9 күннің ішінде 12 миллион теңге жинап берді.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тағдырдың тауқыметін тартқан ана
Мақтарал ауданында туған Роза Дәуренованың өмір жолы қиындықтарға толы болды. Анасы қатерлі ісікке шалдығып, әкесінің көзі нашарлап көрмей қалған. Ата-анасына ауыртпалық салмаған Роза Алматыға келіп, мейірбике мамандығын оқуға түседі.
Тұрмыс құрғаннан кейін ұзақ жыл бала сүйе алмай қиналған Роза төрт рет жүкті болып, үш баласынан айырылады. Жасанды ұрықтандыру арқылы 20 жылдан соң ұлды болғанымен, баласы шала туып, 3,5 жыл бойы ауруханадан шықпайды.
Күйеуі тастап кеткен ана
Ауыр жағдайға душар болған Розаның күйеуі оны тастап, басқа әйелге кетіп қалады. Баласының шала туып, кейін сал болып қалуына дәрігерлердің қателігі себеп болды деп есептейтін ана, туыстарымен де араласпайды. Олар Розаны денсаулығы нашар баланы арнайы мекемеге өткізуге үгіттеген.
Полицейдің жанашырлығы
Роза Алматыда 80 мың теңгеге пәтер жалдап тұрады. Ұлына алатын 74 мың теңге жәрдемақысы пәтерақысына да жетпейді. Қымбат дәрі-дәрмектерді сатып алуға ақшасы болмай, қатты қиналған күні учаскелік полиция инспекторы Қанатбек Пармановпен кездеседі. Ананың жағдайын естіген полицей, оған көмектесуге бел буады.
9 күнде жиналған 12 миллион теңге
Қанатбек Парманов Розаның жағдайын видеоға түсіріп, әріптестеріне жібереді. Оның бастамасымен 9 күннің ішінде халықтан 12 миллион теңге қаражат жиналады. Сол ақшаға Шымкенттен бір бөлмелі пәтер сатып алынып, ана мен балаға табыс етілді.
«Бір қиындықтың артында бір қуаныш бар деп бекер айтпаған ғой. Сол полиция қызметкері Қанат Пармановтың, сосын халықтың арқасында баспаналы болдым. Қуанышымда шек жоқ», - дейді Роза Дәуренова.
Полицейдің өзі
Қанатбек Парманов – үш баланың әкесі, Наурызбай аудандық полиция басқармасының қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің учаскелік полиция инспекторы. 20 жылға жуық еңбек өтілі бар тәжірибелі қызметкер. Әріптестері оны қарапайым, ақылды, сабырлы әрі жанашыр жан ретінде сипаттайды.