Последнее обновление

(Время обновление 1 час назад)
"Бізде сатылмайтын адам жоқ": Танагөз Толқынқызы қоғамдағы кемшіліктерді сынға алды

Әлеуметтік желіде бұған дейін де өзінің өткір пікірлерімен көзге түскен Танагөз Толқынқызы тағы да қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты салмақты ойын жариялады. Бұл жолы ол елдегі моральдық дағдарыс, сатылғыштық пен әділетсіздікке баса назар аударып, ұлттық сананың төмендеуіне алаңдаушылық білдірді.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

«Бәрінің мойнында бағасы бар»

Автор жазбасын «Біз неге бақытсыз ұлтпыз?» деген өзекті сауалмен бастап, қоғамдағы жағдайды сын көзбен бағалайды. Оның айтуынша, бүгінгі таңда сатылмайтын адам қалмаған.

«Өкінішке қарай, бізде сатылмайтын адам жоқ. Бәрінің мойнында бағасы жазылған бирка тұр. Біреуінің құны – алып жүрген жалақысы, біреуінің құны – бес күндік креслосы, біреуінің құны – кәсібі, біреуінің құны – тендер», - деп жазды ол.

Танагөз Толқынқызының пікірінше, қоғамда ар-ұят пен өзін-өзі құрметтеу сезімі әлсіреген. Ал өзгеріс жасауға деген ұмтылыс пен дайындық мүлдем жоқ.

Өзгеріс үшін күресу қажет

Автор өзгерістің тек адам өлуге дайын болғанда ғана келетінін, ал ешкімнің мұндай қадамға баруға ниетті еместігін айтады. Бұл жағдай өзгерістің ешқашан келмейтінін меңзейді.

Ол сондай-ақ, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы сынды тарихи тұлғалардың ерен еңбегі мен құрбандығын еске алып, олардың күресі мен қазіргі қоғамның белсенділігін салыстырады. Махатма Гандидің «Сатьяграха» – ақиқат пен әділет үшін бейбіт күрес философиясын мысалға келтіріп, оның «әлемді күшпен емес, ар-ождан арқылы жеңгенін» атап өтеді.

Танагөз Толқынқызы қазіргі қоғамда осындай табандылық пен принциптіліктің жетіспейтінін, әсіресе, қазақ тілінің мәселесіне ерекше тоқталды.

«Ал сенің ұлы жорығың – қазақ тілінде сөйлеу. Махаббатпен сөйлеу. Табанды түрде сөйлеу. Принципті түрде сөйлеу. Сол тілде сөйлеуге именбей, намыстанбай сөйлеу», - деп жазды ол.

Автордың ойынша, қоғамдағы жағдайды жақсарту үшін әр адам өзгерісті өзінен бастауы тиіс.

Желі қолданушылары бұл жазбаға әртүрлі пікір білдіріп, кейбірі авторды қолдаса, енді бірі оның ойымен келіспейтінін жеткізген. Аталған жазба қоғамдағы өзекті мәселелерді тағы бір мәрте күн тәртібіне шығарды.

Новости

Реклама