14 шілдеде Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) алқасы ұялы құрылғыларды әкелуге қатысты жаңа талаптар енгізді: енді экспресс-жүктерді кедендік ресімдеу кезінде ұялы байланыс функциясы бар смартфондар мен планшеттердің IMEI-кодтарын көрсету қажет. Бұл шешім әзірге тек Қазақстан мен Қырғызстанға қатысты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Өзгерістер экспресс-жүктерге арналған жолаушылар кедендік декларациясын толтыру тәртібіне енгізілді. «Бұл аталған құрылғыларды ЕАЭС кедендік аумағына әкелу кезінде оларды тіркеу және тексеру ұлттық ережелеріне байланысты», — деп мәлімдеді ЕЭК-те.

Еске сала кетейік, экспресс-жүктерге арналған жолаушылар кедендік декларациясының нысаны мен толтыру тәртібі ЕЭК алқасымен 2018 жылғы 16 қазанда бекітілген болатын. Бұл құжат экспресс-тасымалдаушылар жеткізетін жеке пайдалануға арналған тауарларды кедендік декларациялау кезінде қолданылады.