tengrinews.kz
- 16 апр. 2026 20:00
- 37
Елімізде есірткі қолданушыларды анықтаудың жаңа әдісі ұсынылды
Елімізде есірткі қолданушыларды анықтаудың жаңа әдісі қолға алынбақ. Астана қалалық мәслихатының депутаты Алтыншаш Табулдинаның айтуынша, заманауи технологиялар арқылы есірткі тұтынудың ошақтарын, тіпті нақты үйлер мен оқу орындарына дейін анықтауға мүмкіндік бар.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Кәріз суынан есірткі іздейді
Табулдинаның айтуынша, бұл әдіс кәріз суындағы есірткі заттарының іздерін тіпті аз мөлшерде де анықтап, олардың тұтынушыларының қайда орналасқанын нақтылауға көмектеседі.
«Кәріз құбырларынан сынама алып, нақты қай жерде – жеке үй ме, университеттің немесе басқа мекеменің аумағында – осындай жағдайлардың бар екенін көруге болады. Бұл – жұмыс істеуге болатын нақты топтарды анықтауға мүмкіндік береді», - деді депутат.
Жастар арасындағы есірткі мәселесі
Депутат жасөспірімдер мен жастардың есірткіге тәуелділігінің өршуі алаңдаушылық тудыратынын атап өтті. Оның айтуынша, дәрістер, ақпараттық кампаниялар мен бейнематериалдар сияқты профилактикалық жұмыстар күтілген нәтиже бермеген.
Бұған дейін мектептер мен жоғары оқу орындарындағы есірткі қолданушыларды кәріз суы арқылы іздеу туралы хабарланған болатын. Бұл туралы Әділет министрлігі де мәлімет берген еді.