Последнее обновление

(Время обновление 1 час назад)
"Ерте қартайған" Нұржанның бүгінгі тыныс-тіршілігі

2000 жылдардың басында Атырау облысындағы жас баланың ерте қартайып бара жатқаны туралы жаңалық көпшілікті елең еткізген еді. Сирек кездесетін терінің ерте қартаюы (прогерия) дертіне шалдыққан Нұржан Өркешбаев сол жылдары ел ішінде ғана емес, шетелдік телеэкраннан жиі көрінді. El.kz сайты оның бүгінгі тыныс-тіршілігін білу үшін кейіпкермен қайта хабарласты.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Нұржанның бүгінгі тіршілігі

Нұржан Өркешбаев – бүгінде 35 жаста. Ол Атырау облысының Қызылқоға ауданына қарасты Мұқыр ауылында дүниеге келген. Туған жерінен ұзап көрмеген Нұржан осы күнге дейін сол ауылда анасымен бірге тұрып келеді. Оның інісінің екі кішкентай қызы бар, Нұржан күнделікті сол бүлдіршіндердің қызығына қарап, уақытын отбасымен бірге өткізеді.

Айтуынша, соңғы екі жылда өмірінде айтарлықтай өзгеріс болмаған. Дегенмен денсаулығына қатысты жағдайы тұрақты. «Аллаға шүкір, денсаулығым жақсы, бәрі ойдағыдай», - дейді ол.

Нұржанның айтуынша, жұмысқа орналасу мәселесі әлі де шешілмеген. Денсаулығына байланысты түрлі мекемелер арасында түсініспеушілік туындап, еңбекке жарамдылығы жөніндегі құжат мәселесі кедергі болып отыр. «Аурухана жұмысқа жарамдысың дейді. Ал жұмысқа барсам, жұмыс берушілер арнайы қағаз сұрайды. Оны сұрасам, аурухана ондай құжат жоқ дейді. Солай мәселе шешілмей келеді», - дейді Нұржан.

Қазіргі таңда ол нәпақасын құрылыс саласында табады. Қолынан келгенше құрылыс жұмыстарына араласып, күнделікті тұрмыс қажетіне жаратар табыс тауып жүр. Ал демалыс күндері той-томалақтарға шығып, қосымша табыс табатынын жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, Нұржан Өркешбаев 2015 жылы Әсемгүл есімді арумен шаңырақ көтерген еді. Алайда, отау құрған Нұржанның жұбайымен дәм-тұзы жараспай, қос жұптың жолы екіге айырылған. Нұржаннан қазіргі жеке өмірі жайлы сұрағанымызда, ол әзірге бойдақ екенін айтты. «Жоқ, қайтадан шаңырақ көтерген жоқпын, әзірге бойдақпын», - деп қысқа қайырды.

«Қазір ешкім іздемейді»

2024 жылы El.kz тілшісі Нұржан Өркешбаевпен сұхбаттасқанда, оның 2012 жылы Атырау қаласынан бір бөлмелі пәтер алғанымен, әлі күнге дейін баспананы өз атына рәсімдей алмай жүргенін жазған еді. Сол кезде Нұржан пәтерді өз атына аудару үшін үшінші топтағы мүгедектік туралы құжат қажетін, сондай-ақ қосымша төлем жасау керектігі айтылғанын жеткізген болатын. Бұдан бөлек, зейнетақы мәселесі де шешілмей келе жатқанын айтып, түрлі мекемелерден нақты қолдау көрмегеніне қынжылған еді.

Араға уақыт салып, бұл мәселенің шешілген-шешілмегенін сұрағанымызда, Нұржан жағдайдың әлі өзгермегенін айтты. «Иә, 2012 жылы Атыраудан пәтер алдым. Бірақ қазіргі таңда ол пәтер әлі күнге дейін өз атымда емес. Қашан аударатыны белгісіз. Кезінде танымал болдық қой, қазір ешкім іздеп жатқан жоқ. Тек құрдастарым, достарым хабарласып тұрады. Басқа жақтан көп іздеп жатқан ешкім жоқ», - дейді ол.

Нұржаннан бүгінде қандай арманы орындалмай жүргенін сұрадық. Оның айтуынша, арман көп, тек соның бәріне біртіндеп жетуді қалайды. «Арман көп. Айта берсем, шексіз ғой. Қазір ең алдымен несием бар, соны жауып, баспанамды өз атыма аударсам деген ниет бар. Үйленіп балалы-шағалы болып, анама қуаныш көрсетсем деймін. Тұрақты жұмысқа да тұру қажет», - деді Нұржан Өркешбаев.

Кезінде көпшіліктің назарында болған Нұржан Өркешбаев бүгінде қарапайым ауыл тіршілігін кешіп отыр. Денсаулығына шүкіршілік етіп, адал еңбекпен күн көріп жүрген ол да ел қатарлы баспана, тұрақты жұмыс, отбасы бақыты секілді қарапайым армандарға ұмтылады. Жылдар өтсе де, оның кейбір мәселелері шешімін таппаған. Соған қарамастан Нұржан үмітін үзбей, ертеңнен жақсылық күтетінін аңғартты.

Новости

Реклама