Последнее обновление

(Время обновление 2 минуты назад)
Ғалымдарды 3I/ATLAS кометасынан табылған жаңалық таң қалдырды

Ғалымдар 3I/ATLAS кометасының су құрамында бұрын-соңды кездеспеген мөлшерде «ауыр су» бар екенін анықтады. Бұл жаңалық кометаның Күн жүйесіндегі басқа нысандардан өзгеше жағдайда қалыптасқанын аңғартады.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Кометаның құпиясы

3I/ATLAS кометасы бір жыл бұрын ғана табылып, Күн жүйесінен тысқарыдан келген үшінші нысан ретінде тіркелген болатын. Мичиган университетінің зерттеушілері кометаның газдар қабатындағы суды талдап, сутегінің ауыр изотопы – дейтерийдің әдеттен тыс жоғары концентрациясын тапты.

Қалыпты су екі сутегі және бір оттегі атомынан тұрса, «ауыр суда» сутегінің орнына дейтерий болады. Дейтерий құрамында протонмен қатар нейтрон да бар.

Ғалымдар не дейді?

Зерттеушілер 3I/ATLAS кометасындағы дейтерий мен қалыпты сутегінің арақатынасы Күн жүйесіндегі кометаларға қарағанда шамамен 30 есе, ал Жер океанындағы суға қарағанда 40 есе жоғары екенін анықтады.

«Судағы дейтерий мен қалыпты сутегінің арақатынасы біз бұрын-соңды басқа планеталық жүйелерде немесе кометаларда көрмеген деңгейде жоғары болып шықты», - дейді зерттеу жұмысының жетекші авторы Луис Саласар Мансано.

Жаңалықтың маңызы

Ғалымдардың пікірінше, дейтерийдің жоғары мөлшері кометаның өте суық және аз сәулелі аймақта қалыптасқанын білдіреді. Бұл жаңалық галактикадағы планеталық жүйелердің қалыптасу жағдайларының біркелкі емес екенін дәлелдейді.

«Бұл біздің Күн жүйесінің қалыптасуына әкелген жағдайлардың галактиканың барлық жерінде бірдей емес екенінің айғағы», - дейді зерттеуге қатысқан Тереса Панеке-Карреньо.

Бұл зерттеуге Аризонадағы MDM обсерваториясы мен Чилидегі ALMA радиотелескоп кешенінің деректері пайдаланылды. ALMA құралдары алғаш рет ғарыс объектісіндегі ауыр судың мөлшерін тікелей өлшеуге мүмкіндік берді.

Болашақта жаңа телескоптардың көмегімен мұндай жаңалықтардың көбейетіні және галактиканың әртүрлі бөліктеріндегі планеталық жүйелердің қалыптасу жағдайларын салыстыруға болатыны болжануда.

Новости

Реклама