
- 04 авг. 2025 09:44
- 14
Газа секторында аштықтан қаза тапқандар саны 175 адамға жетті – гуманитарлық апат ушығуда
Газа секторында аштықтан қаза тапқандар саны 175 адамға жетті – гуманитарлық апат ушығуда
Израиль қоршауындағы Газа секторында жағдай күн өткен сайын күрделеніп барады. Соңғы мәліметтерге сәйкес, аштықтан көз жұмған палестиналықтардың саны 175 адамға жеткен. Газаның Денсаулық сақтау министрлігі бір күн ішінде тағы алты адамның қайтыс болғанын хабарлады. Құрбандардың 93-і – балалар. Бұл өңірдегі гуманитарлық дағдарыстың қаншалықты тереңдегенін көрсетеді.
Азық-түлік, таза ауыз су мен дәрі-дәрмек қатты тапшылыққа ұшыраған. Израиль тарапынан енгізілген толық қоршау жағдайында көмек жеткізу мүмкіндігі шектелген. Жергілікті дереккөздер Тель-Авив билігі аштық пен шөлді халыққа қарсы қысымның құралы ретінде пайдаланып отыр деген алаңдаушылық білдіруде.
БҰҰ-ның ресми мәліметіне сүйенсек, соңғы күндері гуманитарлық көмек таратылып жатқан аймақтарға жасалған шабуылдар салдарынан 100-ден астам бейбіт тұрғын қаза тауып, жүздеген адам жараланған. Израиль әскері Газа аумағындағы азаматтық нысандар мен қираған аймақтарға соққыларын жалғастырып жатыр.
Қазіргі уақытта 2 миллионнан астам адам бірнеше рет қоныс аударуға мәжбүр болып, панасыз және қауіпсіз аймақ таппай отыр. Халықаралық ұйымдар мен құқық қорғау ұйымдары аймақтағы ахуалды "гуманитарлық апаттың шарықтау шегі" деп бағалап отыр.