depositphotos.com/rarrarorro
- 12 апр. 2026 05:01
- 27
Германияда ұшқыштар ереуілге шығады: Таяу Шығысқа баратын рейстер ғана тоқтатылмайды
Германиядағы Lufthansa, Lufthansa Cargo, CityLine және Eurowings әуе компанияларының ұшқыштары 13 және 14 сәуірде ереуілге шығады. Бұл шешімге компанияның корпоративтік зейнетақы бағдарламаларына қатысты келіспеушілік себеп болды. Бұл туралы неміс ұшқыштары мен авиаинженерлері одағы Vereinigung Cockpit сайтында хабарланды.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Eurowings ұшқыштары 13 сәуірде Германиядағы барлық әуежайдан ұшып шығатын рейстерді тоқтатады. Алайда, Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты Германиядан Әзірбайжан, Бахрейн, Мысыр, Израиль, Иордания, Ирак, Йемен, Катар, Кувейт, Ливан, Оман, Сауд Арабиясы және БАӘ-ге қатынайтын Lufthansa, Lufthansa Cargo және CityLine компанияларының экипаждары ереуілге қатыспайды.
Келіссөздерде шешім табылмады
Vereinigung Cockpit (VC) одағының төрағасы Андреас Пиньейру жұмыс беруші тарапының бірнеше еңбек дауы бойынша шешім табуға дайын еместігін айтты. Оның айтуынша, Пасха мерекесі кезінде ереуілден бас тартқанымен, тараптар арасында нақты ұсыныстар болмаған.
VC мәліметінше, Lufthansa мен Lufthansa Cargo зейнетақы бағдарламалары бойынша, ал CityLine ұжымдық шарт бойынша ұсыныс жасамаған. Ал Eurowings-тің зейнетақы ұсынысы «қанағаттанарлықсыз» және «аты ғана бар, мазмұны жоқ» деп бағаланды.
Пиньейру ереуілді «келіссөздердегі сәтсіздікті жоюға бағытталған соңғы шара» деп атап, жауапкершілікті жұмыс берушіге жүктеді. Сондай-ақ, профсоюз мүшелерін 15 сәуірде Франкфурт әуежайындағы Lufthansa кеңсесі алдында өтетін бортсеріктердің митингісін қолдауға шақырды. 10 сәуірдегі UFO акциясы жүздеген рейстің тоқтатылуына себеп болған.
Lufthansa жағынан жауап
Lufthansa компаниясы ереуілге шақыруды «жағдайды ушықтырудың жаңа деңгейі» деп атап, сынға алды. Компанияның мәлімдеуінше, VC-ның негізгі талабы – «әуелде де жоғары болған компанияның зейнетақы бағдарламасын екі еселеу» – «абсурд және орындалмайтын» талап.
Бұған дейін, 2026 жылдың ақпанында да ұшқыштар корпоративтік зейнетақы мәселесі бойынша ереуілге шыққан болатын.