f.azh.kz
- 18 февр. 2026 07:30
- 20
Ириклин су қоймасынан Жайыққа жіберілген су көлемі 139 текше метр/секундқа дейін ұлғайтылды
Ресейдің Орынбор облысындағы Ириклин су қоймасынан Жайық өзеніне жіберілетін судың көлемі 15 ақпаннан бастап тәулігіне 139 текше метрге дейін ұлғайтылды. Бұған дейін бір ай бойы бұл көрсеткіш 90 текше метр/секунд болған.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Су тасқыны қаупі бар ма?
«Қазсушаруашылығы» РМК Батыс Қазақстан филиалы директорының міндетін атқарушы Рауан Құсайыновтың айтуынша, қазіргі уақытта су қоймасы 82,5% толған. Су қоймасындағы бос сыйымдылық 570 млн текше метрге жеткен.
Құсайынов 15 наурызға дейін су қоймасындағы су көлемін 950 млн текше метрге жеткізу жоспарланғанын атап өтті. Салыстырмалы түрде, 2024 жылы Ириклин су қоймасынан судың ең көп жіберілген көлемі 2170 текше метр/секунд болса, өткен жылғы тасқын кезінде бұл көрсеткіш 201 текше метр/секундқа жеткен.
Егер Жайық өзеніне судың келуі 1800 текше метр/секундтан асса, жағалаудағы саяжай алқаптарының су астында қалу қаупі бар.
Биылғы су тасқыны болжамы
Алдын ала болжамдарға сәйкес, биыл Ириклин су қоймасына судың келуі орташа көпжылдық көрсеткіш 1,22 млрд текше метрге қарағанда 0,7-1,3 млрд текше метр аралығында болады деп күтілуде. 2025 жылға арналған болжам 1–2 млрд текше метр болса, нақты келген су көлемі 1,180 млрд текше метрді құрады.
Бұған дейін 15 қаңтардан бастап су қоймасынан тәулігіне 90 текше метр су жіберіліп келгені хабарланған болатын.