dalanews.kz
- 14 мая 2026 06:00
- 24
"Жұртты менсінбеді": Алтынбек Сәрсенбайұлын премьер-орынбасар болудан кім тосқауыл қойды?
1994 жылы ел тарихындағы елеулі кезеңдердің бірінде, қазан айында Жоғары Кеңес Әкежан Қажыгелдиннің премьер-министрлігін бекітті. Алайда, оның орынбасары болуға ұсынылған Алтынбек Сәрсенбайұлының кандидатурасы талқылауға түсіп, депутаттар арасында қызу пікірталас тудырды. Президенттің өзі қолдап отырған тұлғаға қарсы шыққан депутат кім болды және неге?
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутаттың наразылығы
Алтынбек Сәрсенбайұлы Жоғары Кеңес мінберіне шыға бергенде, «Бұл жолы президент қателесті» деген сөздер жиналғандарды елең еткізді. Бұл сөздерді айтқан – депутат Алтыншаш Жағанова еді. Ол кездегі жағдайды еске алғанда, Жағанова былай дейді: «Нұрсұлтан Әбішұлы сіздің кандидатураңызды қолдады және әлі де қолдап келеді. Бұл жолы ол қателесті».
Алтынбек Сәрсенбайұлы бұған жауап ретінде болашақта сөз бостандығына кепілдік беретін Конституцияның өзі жеткілікті болатынын, баспасөз туралы заңның қажеті болмай қалуы мүмкін екенін айтқан еді. Алайда, уақыт өте келе бұл болжам орындалмады.
Не себепті қарсы болды?
Кейіннен Әбіш Кекілбаевтың ұсынысымен дауысқа салынғанда, Алтынбек Сәрсенбайұлының кандидатурасына 58 депутат қолдап, 61 депутат қарсы дауыс берді. Бұл жайттың мән-жайын анықтау үшін Алтыншаш Жағановамен тілдескенде, ол былай деп түсіндірді: «Президент қатты ренжіді. «Алтеке, мұныңыз не, ол жақсы жігіт» деді. «Жақсы емес, Нұреке! Көресіз әлі» дедім. Міне, айтқаным келді. Өйткені біз депутат болар алдында мен бір жыл Алматы қалалық кеңесінің депутаты болдым. Сосын бір жылдан кейін Жоғары Кеңестің депутаты болғасын, мен ол жақтағы жұмысымнан бас тарттым. Сол уақытта қалада бұл да (Алтынбек Сәрсенбайұлы) депутат болды. Жұртты менсінбей, айтқан адамдарды қатты тойтарып отырды. Тәртібі сондай болды. Принциптері басқаша болатын. Маған ұнамайтын әйтеуір».
Сәрсенбайұлының пікірі
Алтынбек Сәрсенбайұлы бұл жайтты кейіннен былайша еске алды: «Мені бекітпегеніне әлі күнге ризамын, рақмет! Менің орныма болған вице-премьердің кезінде бүкіл әлеуметтік саланың тас-талқаны шықты. Мектептер қысқарды, ауруханалар жабылды, кітапханалар ғайып болды. Ол кезде мен жастау едім. Солақай шешімдердің бәріне табандап қарсы тұрар едім деп айта алмаймын. Егер сол кезде вице-премьер болсам, тас-талқан болған дүниенің обалы әлі күнге дейін мойнымда тұрар еді. Мені сол жолы Құдай қақты. Әлі күнге сол апайымызды көрсем, рақмет айтқым кеп тұрады».