Photo: Bulat843 🌙 (https://www.pexels.com/@bulat843-1243575272) / Pexels
- 11 июн. 2026 11:30
- 24
«Махаббат ұлтты да, шекараны да білмейді»: Жәкішевтің қызы сынға жауап берді
«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы, бизнесмен Мұхтар Жәкішевтің қызы Алтынай Жәкішеваның Лондонда өткен үйлену тойы қоғамда қызу талқыланды. Жұбайының ұлты мен нәсіліне қатысты айтылған сын пікірлерден кейін Алтынай әлеуметтік желідегі оқырмандарына арнайы үндеу жолдады.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Махаббат шекараны білмейді
Жәкішеваның айтуынша, махаббат ұлтты, нәсілді немесе мемлекеттік шекараны ешқашан ескермейді. Ол адамдарды айыптамайтынын және бөлінбейтінін атап өтті. «Махаббат — таза, әдемі әрі мәңгілік сезім. Ол өмір мен өлімнен, кеңістік пен уақыттан да биік. Махаббат ешқандай шартқа, үмітке немесе шектеуге бағынбайды. Ол ұлтты да, нәсілді де, шекараны да білмейді», — деп жазды Алтынай.
Адамның шынайы болмысы
Алтынайдың сөзінше, махаббат — адамның шынайы болмысы және өмірдегі жалғыз шындық. Ол кейбір адамдардың жеккөрушілікпен, қорқынышпен және ашу-ызамен өмір сүретініне өкініш білдірді. «Егер бұл әлем сізді жек көруге үйреткен болса, өкінішті. Егер ол сізді қатыгез етіп, жүрегіңізге зұлымдық ұялатып, қорқынышпен өмір сүруге мәжбүрлеген болса, оған да өкініш білдіремін», — деді Жәкішева.
Ол әрбір адам шынайы махаббатты сезінген кезде ғана өмірдегі басқа нәрселердің маңызы соншалықты зор емес екенін түсінетінін айтты. «Махаббат — біздің шынайы табиғатымыз. Біз махаббат үшін жаратылдық. Махаббаттан жаралып, ақыр соңында қайтадан махаббатқа ораламыз», — деп қорытындылады Алтынай.
Әкесінің қолдауы
Үндеуінің соңында Алтынай оқырмандарына жан тыныштығын тілеп, сүйіспеншілік білдірді. Бұған дейін Мұхтар Жәкішев қызының таңдауын толық қолдайтынын мәлімдеген болатын. Ол күйеу жігіттің отбасы жайлы жылы пікір білдіріп, қызының бақытының өзі үшін ең маңызды екенін атап өтті. Жәкішевтің айтуынша, жаңа құдалары оған ұнаған.
Күйеу жігіттің отбасы жетпіс жылдан астам уақыт бойы Ұлыбританияда тұрса да, тойға ұлттық киіммен келіп, өздерінің тарихи тамырларын құрметтейтінін көрсетті. Сондай-ақ, инвестициялық банкир болып қызмет ететін күйеу жігіттің әкесі Генримен Мұхтар Жәкішев әлемдік экономикадағы жағдайды талқылаған.
Еске сала кетейік, Мұхтар Жәкішев «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясын 1998 жылдан 2009 жылға дейін басқарды. 2010 жылы оны сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша кінәлі деп танып, 14 жылға бас бостандығынан айырған. Алайда, 2020 жылы ол мерзімінен бұрын бостандыққа шықты.