Последнее обновление

(Время обновление 1 месяц назад)
Махаббатқа сенесіз бе? - Бердалы Ораз

Автор: Ораз Бердалы Ғабитұлы,
Омбы гуманитарлық академиясы, журналистика факультетінің 3-курс студенті

Махаббат – бұл жай ғана сезім емес. Бұл – адам болмысының ең нәзік әрі ең құдіретті көрінісі. Алайда XXI ғасырда махаббатқа сену – біреуге ертегіге сенумен тең, ал біреуге өмірдегі ең соңғы үмітпен жарық іздеумен ұқсас.

Бүгінгі қоғамда махаббат туралы айтқанда, көбіміздің көз алдымызға кинолардағы жасанды романтика, әлеуметтік желілердегі әдемі жұптар немесе той үстіндегі дәстүрлі "махаббатпен үйлендік" сөзі елестейді. Бірақ бұл – тек сыртқы қабат. Ішкі өзегінде шынайы махаббат – сенім, адалдық, сабыр, құрбандық және терең түсіністіктен тұратын шексіз әлем.

Махаббат дегеніміз тек гүл мен кәмпиттен тұратын романтика емес. Ол – науқасты қараусыз тастамау, өмірдің қиын сәтінде серігіңнің қолын босатпау, оның әлсіздігін қабылдап, күте білу. Өкінішке қарай, көп адам мұндай махаббатты басынан өткеріп көрмеген, ал сенбейтіндердің көбі – сол сезімнің жалған көлеңкесінде күйіп қалғандар.

Меніңше, махаббатқа сену – ақылмен емес, жүрекпен қабылдайтын шешім. Сену үшін дәлел емес, шынайылық қажет. Сену үшін ертегі емес, сезімді көтере алатын рухани жауапкершілік керек. Егер адам махаббатқа сенуден бас тартса – ол адам сезімнің емес, қорқыныштың тұтқынында қалған деген сөз.

Бүгінде адамдар махаббатты жиі пайдаланатын тауарға айналдырып алды. Жан-дүниенің тылсым үндестігі коммерциялық қатынасқа, ал сөз бен әрекет арасындағы тепе-теңдік – стористердегі эффектке айналды. Дегенмен, адам баласы қанша заманауи құралмен қаруланса да, жүрекке әмір жүрмейді. Ол әлі де өзін күтетін, өзін түсінетін, өзін алдамайтын жанды іздейді.

Мен махаббатқа сенемін. Бірақ бұл сенім – көргенсіз романтикаға емес, көз жасы мен күлкісі қатар жүретін, бір-бірінің кемшілігін мойындап, соған қарамастан бірге қалатын шынайы сезімге бағытталған.

Өмір өзгеруі мүмкін. Адамдар да, заман да. Бірақ махаббат – өзгермейтін жалғыз ұғым. Оған сену – әлсіздік емес, керісінше, адам болып қалудың соңғы белгісі.

Ал сіз ше?.. Махаббатқа сенесіз бе?

You Might Also Like

Новости

Реклама