
- 15 апр. 2025 12:17
- 36
Мектептерге «Заң және Тәртіп» пәні енгізілуі мүмкін – Бас прокурор ұсынысы
Қазақстанда мектеп бағдарламасына жаңа пән енгізілуі мүмкін. Бас прокурор Берік Асылов жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында 7-сыныптан бастап «Заң және Тәртіп» атты міндетті пәнді оқытуды ұсынды.
Оның айтуынша, қазіргі таңда көптеген жеткіншектер заңды бұзып жатқанын мүлде түсінбейді. Тіпті ауыр қылмыстарға барса да, олардың басым бөлігі өз әрекеттерінің салдарын білмей әрекет етуде.
«Нағыз қауіп – құқықтық сауатсыздық. Сондықтан біз уәкілетті органға нақты ұсыныс жасадық. Бұл пәнді кәсіби заңгерлер мен құқық қорғау саласының ардагерлері жүргізсе, оқушылар тек теорияны емес, өмірлік тәжірибені де бойларына сіңіреді», – деді Бас прокурор өзінің X парақшасында.
Берік Асыловтың пікірінше, бұл пән болашақ азаматтардың заңға құрметпен қарап, жауапкершілік сезімі жоғары, саналы тұлға болып қалыптасуына ықпал етеді.