Последнее обновление

(Время обновление 1 час назад)
NASA басшысы Байқоңырға келеді: Не себепті?

АҚШ-тың ғарыш агенттігі NASA басшысы Джаред Айзекман Қазақстанға келуді жоспарлап отыр. Оның сапары шілде айында Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылатын "Союз" кемесінің ұшуымен байланысты.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Миссияның маңызы

NASA өкілдерінің мәліметінше, Айзекман "Союз МС-29" кемесінің стартын өз көзімен тамашаламақ. Бұл миссия аясында Халықаралық ғарыш станциясына америкалық астронавт Анил Менон алғаш рет сапар шегеді. Онымен бірге ресейлік ғарышкерлер Петр Дубров пен Анна Кикина да ұшады.

Сонымен қатар, NASA мәліметінше, агенттік басшысы шетелдік әріптестермен, атап айтқанда Халықаралық ғарыш станциясы бағдарламасы аясында ынтымақтастық орнатқан ғарыш агенттіктерінің жетекшілерімен кездесулер өткізуді жалғастырып келеді.

Джаред Айзекман кім?

Джаред Айзекман – америкалық кәсіпкер әрі миллиардер. Ол 1983 жылы Нью-Джерси штатында дүниеге келген. Жас кезінен кәсіпкерлікпен айналысып, 14 жасында компьютер жөндеу шеберханасын ашқан. Кейін төлем жүйелері саласында ірі компания құрып, қаржы секторында табысқа жеткен.

Айзекман авиация саласында да танымал: ол бірнеше реактивті ұшақты басқарып, рекордтар орнатқан. 2009 жылы реактивті ұшақпен жер шарын 61 сағат 51 минутта айналып өткен.

Кәсіпкер ғарыш саласымен де тығыз байланысты. 2021 жылы ол Inspiration4 атты алғашқы толық азаматтық ғарыш миссиясын қаржыландырып, өзі басқарды. Ал 2024 жылы Polaris Dawn миссиясы аясында ғарышқа ұшып, кәсіби емес астронавт ретінде алғаш рет ашық ғарышқа шықты.

2025 жылдың соңында Джаред Айзекман NASA басшысы қызметіне тағайындалды. Forbes журналының бағалауынша, оның байлығы 1 миллиард доллардан асады.

Новости

Реклама