Photo: Jeffry Surianto (https://www.pexels.com/@andromeda99) / Pexels
- 16 февр. 2026 18:31
- 23
Назарбаевтың алғашқы президенттік ұшағының тарихы: Boeing-747SP-тің жолы қалай болды?
Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында мемлекет басшысының ресми сапарларына арналған заманауи әуе кемесі қажеттілік туды. 1994 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев Boeing-747 ұшағын сатып алды. Бұл көлік кейін UN-001 нөмірін алып, ел тарихындағы алғашқы президенттік ұшақ ретінде есте қалды.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Неге дәл Boeing?
1994 жылы АҚШ-қа ресми сапар алдында Қазақстан тарапы америкалық Boeing компаниясының кең фюзеляжды 747 моделін таңдады. Вашингтонға барғанда Билл Клинтон жаңа ұшақ туралы сұрағаны жөнінде деректер бар. Сол кезде Назарбаев бұл ұшақтың бұрынғы Кеңес одағы аумағындағы алғашқы Boeing екенін айтып, оның ресейлік Ил-96 ұшағымен салыстырғанда үнемдірек әрі тиімді екенін жеткізген. Алайда бұл зауыттан жаңа шыққан лайнер болмаған.
Ұшақтың «өмірбаяны»
Boeing-747SP моделі 1978 жылы шығарылған. Алғашында америкалық Trans World Airlines (TWA) компаниясының флотында болған. Кейін бірнеше иесін ауыстырып, 1994 жылдың 6 қаңтарында Қазақстан үкіметінің меншігіне өтті. Осы кезде оған UN-001 борт нөмірі берілді.
Ұшақ тек президенттік сапарлармен шектелмеді. Мемлекет басшысының ресми рейстері болмаған уақытта ол Kazakhstan Airlines арқылы азаматтық және коммерциялық бағыттарда да пайдаланылды. Бұл кезеңде Қазақстанда ұлттық әуе тасымалы нарығы енді қалыптасып жатқан еді. Кейін осы саланы негізге алып Air Kazakhstan, одан соң Air Astana құрылды.
Қазақстаннан кейінгі тағдыры
Шамамен екі жыл өткен соң ұшақ иесін ауыстырып, Англияға өтті. 2002 жылға дейін қызмет атқарғаннан кейін лайнер утильге жіберілді. 747sp.com дерегіне сәйкес, Cargolux компаниясы ұшақтың алдыңғы кабина бөлігі мен жоғарғы палубасын сақтап қалған. Бұл бөлік оқу-жаттығу мақсатында қолданылған. Қазіргі таңда ұшақтың фюзеляж бөлігі Германияның Фельберт қаласындағы әуежай аумағында сақтаулы екені айтылады.
Тарихтағы орны
UN-001 – тек әуе кемесі ғана емес, Қазақстанның жаңа геосаяси бағытын айқындаған символдардың бірі болды. 1990-жылдары Батыс компаниясынан алыс қашықтыққа ұшатын лайнер сатып алу – елдің халықаралық аренада дербес саясат жүргізуге дайын екенін көрсеткен қадам ретінде бағаланды. Бүгінде бұл Boeing-747SP ұшпайды. Бірақ ол Қазақстанның тәуелсіздік кезеңіндегі алғашқы дипломатиялық сапарлар мен халықаралық келіссөздердің үнсіз куәгері болып қалды.