Photo: Pixabay (https://www.pexels.com/@pixabay) / Pexels
- 24 февр. 2026 18:30
- 20
«Отбасы банк» жаңа ережелер енгізеді: Тұрғын үй кезегіндегілерге не өзгереді?
2026 жылдың 2 наурызынан бастап «Отбасы банк» тұрғын үй кезегіндегі азаматтар үшін жаңа ережелерді қолданысқа енгізеді. Жаңа талаптарға сәйкес, міндетті түрде деректерді тексеруден өтпегендерге пәтер немесе жеңілдетілген несие берілмейтін болады. Бұл туралы банк баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңа жүйені енгізудегі мақсат – азаматтардың өтініш беру кезіндегі мәліметтерінің өзектілігін тексеру. Бұл отбасы құрамы, санаты, сондай-ақ тұрғын үй жағдайы туралы ақпараттарды қамтиды. Аталған процедураны арнайы порталда өту қажет және жеке деректерді өңдеуге келісім беру керек.
Егер азамат бұл тексеруден өтпесе, ол кезекте тұру құқығынан айырылмайды. Алайда, банк оған уақытша арендалық тұрғын үйді бөліп бере алмайды немесе 2% және 5% жеңілдікті несиелерін бере алмайды. Бұл шектеулер тексеру аяқталғанша күшінде қалады.
Бұған дейін банк уақытша жеңілдіктер қарастырып, жаңа жүйені іске қосуды жеделдету үшін, инвентаризациядан өтпегендерге де пәтер бөліп берген болатын. Тек кейіннен тексеру жүргізілді.
Неліктен жаңа ережелер қажет болды?
Банк өкілдерінің айтуынша, бұрынғы тәртіпте кейбір мәселелер туындаған. Мысалы, инвентаризация кезінде азаматтың бұған дейін үй сатып алғаны анықталса, ол кезекке тұруға құқығы жоқ болып шығады. Немесе отбасы құрамы өзгеріп, балалар көбейген жағдайда, бұрын берілген пәтердің ауданы сұранысқа сәйкес келмей қалуы мүмкін. Мұндай жағдайларда барлық процесті қайта бастауға тура келіп, уақыт жоғалған.
«Отбасы банк» ұлттық даму институты ретінде тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізеді. Қазіргі таңда облыс әкімдіктерінен 13 393 пәтер берілген. Оның 8846-сы арендалық тұрғын үйге, 4547-сі несиелік тұрғын үйге арналған. Осы уақытқа дейін 4216 отбасы жаңа баспанаға ие болды. Ал 24 ақпан күні жағдай бойынша 257 мың адам инвентаризациядан өтті.