Последнее обновление

(Время обновление 20 минут назад)
Президент кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған маңызды жарлыққа қол қойды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» жарлыққа қол қойды. Бұл құжат қоғамның зияткерлік және мәдени деңгейін көтеруге, білім мен тәрбие жүйесінде кітаптың рөлін күшейтуге бағытталған.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жарлықтың негізгі мақсаты – шығармашыл, ойлы, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыруға жағдай жасау. Президент мәдениет, білім беру және инновация салаларындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын айқындап, кітап оқу мәдениетін дамыту, жаңа форматтағы кітапханалар мен қоғамдық кеңістіктер құру, цифрлық құралдарды енгізу, отандық авторларды қолдау, баспа ісін ынталандыру және ұлттық әдеби мұраны насихаттауды тапсырды.

Жастар арасында кітап оқуды насихаттау

Үкіметке балалар мен жастар арасында кітап оқуға деген тұрақты қызығушылықты қалыптастыру, оқырман инфрақұрылымын жаңғырту, ұлттық әдебиетті сапалы аудару және кең аудиторияға тарату бойынша нақты тапсырмалар берілді. Сонымен қатар, 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін «Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасы іске қосылады. Ал 2026 жылдың соңына дейін «Зерделі ұлт» тұжырымдамасы бекітіледі.

Жаңа заң жобалары мен сыйлықтар

Жарлық аясында 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін «Кітапхана және кітап шығару ісі туралы» жаңа заң жобасы әзірленеді. Кітап оқу мәдениетін дамытудағы жетістіктер үшін Ұлттық сыйлық тағайындалып, бірыңғай қолжетімді Ұлттық цифрлық кітапхана платформасы құрылады. Жарлық қол қойылған күннен бастап күшіне енеді.

Новости

Реклама