Последнее обновление

(Время обновление 1 час назад)
Қайрат Әділгерей Құрманғазы туралы айтқан сөзі үшін көпшілік алдында кешірім сұрады

Танымал актер Қайрат Әділгерей, Құрманғазы Сағырбайұлына қатысты подкастта айтқан сөздері қоғамда қызу талқыға түсіп, күйшінің ұрпақтары наразылық білдіргеннен кейін, көпшілік алдында кешірім сұрап, түсініктеме берді.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Актердің мойындаған қателігі

Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялап, күй атасы Құрманғазы жайлы сөздерінің қате қабылдануына себеп болған тұстарды тарқатып айтты. Актердің айтуынша, оның мақсаты күйшінің әруағын қорлау болмаған.

“Кейінгі екі күнде менің белгілі бір подкастта Құрманғазы атамызға қатысты айтқан пікірім қатты талқыға түсіп жатыр. Орал қаласының ақсақал, алқабилері жиналып, наразылық білдіріп, тіпті сотқа бермек екен. Осы тұста мен өз қателігімді мойындаймын”, – деді ол.

Әділгерей аталған әңгімені бірнеше жыл бұрын подкаст барысында айтып қалғанын, әрі оны “өте дөрекі” жеткізгенін мойындады. Ол шырақшыдан естіген әңгімені жастар тілінде, дөрекі етіп жеткізгенін, бұл үлкен қателік болғанын айтты.

Ұрпақтарының талабы мен актердің жауабы

Қайрат Әділгерей Құрманғазының ұрпақтары көтерген талапты орындауға дайын екенін білдіріп, күйшінің жатқан жеріне барып, құран бағыштайтынын жеткізді.

“Мен оралдық ақсақалдардың талабын орындауға дайынмын, осы бірнеше күнде Астрахань қаласына барып, құран бағыштап, барлық мағлұматты сол жерде түсіндіремін. Сіздерден кешірім сұраймын”, – деді ол.

Даудың туындауына себеп болған пікір

Оқиғаның мән-жайы әлеуметтік желіде тараған үзіндіден кейін ушыға түсті. Онда актердің подкасттардың бірінде күйші Құрманғазы жайлы айтқан пікірі жарияланған.

“Құрманғазы Сағырбайұлын тек күйші ретінде білеміз, ал шын мәнінде барып шырақшыдан сұрасаң, ол баукеспе, қарақшы болған. Теріс жолмен жүрген. Досы Исатай екеуі “гопстоппен” айналысқан. Байлардан тартып алып, кедейлерге таратқан”, – деген сөздері тараған еді.

Осыдан кейін Батыс өңірінің қызылқұрт руының өкілдері мен Құрманғазының ұрпақтары арнайы мәлімдеме жасап, актердің сөзі тарихи тұлғаның беделіне нұқсан келтіреді деп есептейтінін айтты.

Тарихи деректерге қайшылық

Мәлімдемеде актер айтқан ақпараттардың тарихи деректерге сәйкес келмейтіні атап өтілді. Атап айтқанда, Құрманғазының мазары Ақжар емес, Ресей Федерациясының Астрахань облысы Алтынжар елдімекенінде орналасқаны, ондағы шырақшының сөздері актер айтқандай болмағаны айтылды. Сондай-ақ, Құрманғазының досы Исатай емес, рулас Емшат болғаны және оның негізгі кәсібі ұрлық пен қарақшылық емес, күйшілік екені алға тартылды.

Ақсақалдар актердің сөзіне құқықтық баға беріліп, сараптама жүргізілуі үшін сотқа жүгінетінін, сонымен бірге Қайрат Әділгерейдің Құрманғазының басына барып, кешірім сұрауын талап еткенін мәлімдеді.

Новости

Реклама