
- 22 апр. 2025 08:21
- 20
Қазақстанда 13 мыңнан астам шетел азаматы еңбек етеді – ЕХӘҚМ мәліметі
2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстан аумағында жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен 13 891 шетел азаматы еңбек етуде. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.
Шетел жұмыс күшін (ШЖК) тарту рұқсаттары бірнеше санат бойынша беріледі. Атап айтқанда, бірінші санат – басшылар мен олардың орынбасарларына 570 рұқсат берілсе, құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін екінші санат бойынша 2 439 рұқсат рәсімделген. Үшінші және төртінші санаттарға – яғни, мамандар мен білікті жұмысшыларға – тиісінше 4 541 және 1 023 рұқсат берілген. Бұдан бөлек, маусымдық жұмыстарға 1 709 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 3 609 шетел маманы тартылған.
Қазіргі таңда елімізде шетел жұмыс күшін пайдаланатын 1 768 жұмыс беруші бар. Бұл мекемелерде жалпы 376 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл барлық қызметкерлердің 96,4%-ын құрайды.
Сала бойынша ең көп шетел мамандары құрылыс саласында жұмыс істейді – 5 131 адам. Ауыл, орман және балық шаруашылығында – 1 695 адам, тау-кен өндірісі мен карьерлерді қазуда – 1 351 адам, ал өңдеу өнеркәсібінде – 1 232 адам тартылған.
Шетелдік еңбек мигранттарының негізгі келу елдері: Қытай – 4 885 адам, Өзбекстан – 1 614 адам, Үндістан – 1 150 адам және Түркия – 1 124 адам.
Министрлік ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында жыл сайын шетелдік мамандарды тартуға квота белгілеп отырады. 2025 жылы бұл квота республикадағы жұмыс күшінің санына шаққанда 0,2% немесе 14,8 мың бірлік көлемінде белгіленген болатын. Алайда биылғы наурыз айынан бастап жергілікті атқарушы органдардың өтінімдеріне байланысты квота көлемі 16,5 мың бірлікке дейін ұлғайтылды.