tengrinews.kz
- 17 февр. 2026 22:01
- 31
Қазақстанда пайызсыз ипотека енгізу жолдары қарастырылуда
Қазақстанда пайызсыз, яғни ислам қағидаттарына сай ипотекалық бағдарламаны іске қосу мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл туралы «Байтерек» Ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин мәлімдеді.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Халық сұранысы және халықаралық серіктестік
Рустам Қарагойшиннің айтуынша, азаматтар тарапынан мұндай қаржылық шешімдерге деген сұраныс бар. Осыған байланысты, «Отбасы банкі» арқылы ислам ипотекасын енгізу жолдары халықаралық институттармен бірлесіп зертделуде. «Біздің құрылымдағы «Отбасы банкі» халықпен тікелей жұмыс істейтін бірден-бір ұйым. Халықтың белгілі бір бөлігі діни қағидаттарды ұстанатыны белгілі. Сондықтан мұндай өтініштер түсіп жатыр. Бұл мәселе бойынша жұмыстар жүргізілуде. Нақты мерзімдер әзірге белгісіз, бірақ бұл бағытта бірнеше халықаралық институттармен меморандумдарға қол қойылды», - деді Қарағойшин.
Ислам ипотекасы деген не?
Ислам ипотекасы – бұл шариғат нормаларына сәйкес келетін тұрғын үй сатып алу тәсілі. Ол классикалық несиелердегідей пайыздық мөлшерлемелерді қолдануға тыйым салады. Оның орнына, банк жылжымайтын мүлікті өзі сатып алып, клиентке белгілі бір үстемеақымен бөліп төлеуге береді немесе клиентпен бірлесіп меншікке ие болып, кейіннен үлесін біртіндеп клиентке аударады. Басты қағидаты – пайыздардың болмауы, мәміле шарттарының ашықтығы және тараптар арасындағы тәуекелдерді бөлу.
«Отбасы банкінің» жүйесі және болашақ
«Байтерек» холдингінің басшысы бұл механизм әзірге зерттеу сатысында екенін атап өтті. «Қазір тек зерттеп жатырмыз. «Отбасы банкі» біздің азаматтарға қалай мұндай шешім ұсына алатынын анықтап жатырмыз. Бұл әлі де пысықталу үстінде», - деп толықтырды ол.
Қарағойшин ислам ипотекасының нақты мерзімдері туралы айту әлі ерте екенін қайталады. Себебі, банктегі қолданыстағы модель жинақтау жүйесіне негізделген. «Біз бұл қызметті ашамыз деп айта алмаймыз, өйткені «Отбасы банкінің» негізгі жүйесі мемлекеттік бағдарламалардан бөлек, жинақтау жүйесі болып табылады. Ислам ипотекасы жинақтау жүйесінен сәл өзгешеленеді. Біздің жинақтау жүйеміз неміс үлгісіне ұқсас. Сондықтан біз алдымен зерттеп, содан кейін шешім қабылдаймыз», - деп қорытындылады холдинг басшысы.