tengrinews.kz
- 06 июн. 2026 11:01
- 46
Қазақстандық дәрігерлер танымал бабл-ти сусынын пайдасынан гөрі зияны барын ескертті
Қазақстанда жастар арасында кең танымалдылыққа ие болған бабл-ти сусынын ішудің денсаулыққа зиянды әсері туралы дәрігерлер ескерту жасады. Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мамандардың айтуынша, бұл сусын асқазанда спазм тудыруы мүмкін, ал жиі тұтынса, қант диабетіне ұласуы ықтимал. Мұның себебі – сусын құрамындағы шамадан тыс қант пен крахмал.
Бабл-ти: жастардың сүйікті сусыны
Зере Жалғасбаева есімді жасөспірімнің айтуынша, бабл-ти оның көңіл-күйін көтеріп, тынығуға көмектеседі. Бұл әдет мектеп кезінде қалыптасқан.
«Біз достарымызбен мектептен кейін бабл-ти ішуге баратынбыз. Сол кезде бәріміз Oreo қосылған бабл-тиге әуестеніп кеттік. Өте дәмді болатын. Түрлі дәмдерін татып көру үшін әртүрлі филиалдарға дейін баратынбыз. Қазір де кейде жаңа дәмдерін сынап көру үшін келіп тұрамын», - дейді ол.
Қазақстанда бұл сәнді шай шамамен жеті жыл бұрын пайда болды. Кофеханалар бұл сусынның ерекше сыртқы түрі мен жағымды дәмі үшін ұнайтынын айтады. Сусынның басты ерекшелігі – тапиокадан жасалған «маржандары».
Тапиока деген не?
Тапиока маниок өсімдігінің тамырынан жасалады. Оны ұсақтап, крахмалы сүзіліп алынады. Көптеген орындарға бұл өнім осы күйінде жеткізіледі. Содан кейін крахмал сумен араластырылып, қайнатылады. Шариктерге тәтті дәм мен қажетті консистенция беру үшін карамель сиропы қосылады. Дайын болған соң тапиоканы сүтті шайға қосады. Клиенттің қалауына қарай, сусынға жеміс-жидек, шоколад немесе басқа да қоспалар қосылуы мүмкін.
Қауіпті компоненттер
Тапиоканың құрамында қант пен крахмал көп болғандықтан, оны жиі тұтыну ұсынылмайды. Кейбір кәсіпорындар «маржандарға» қоюландырғыш пен бояғыш қосады. Мамандар мұндай шариктердің шынымен қауіпті болуы мүмкін екенін, бірақ оларды оңай ажыратуға болатынын айтады.
«Менің ойымша, әр нәрсенің өзіндік шектеуі бар. Сондықтан, иә, ішуге болады, бірақ жиі емес. Кейбір тапиокалар, біріншіден, «жарылатын» болуы мүмкін – ішінде шырыны бар. Олар химиялық қоспаларға толы, сондықтан оларды жиі ішуге болмайды. Жалпы, тапиока өте калориялы өнім», - дейді бариста Маржан Серікқызы.
Дәрігерлердің ұсынысы
Бабл-тиді шамадан тыс ішуден бас тартуға дәрігерлер де кеңес береді. Олардың айтуынша, асқазан-ішек жолдары ауруларына шалдыққан жасөспірімдердің саны жыл сайын артып келеді.
«Соңғы кездері біз созылмалы іш қатудан, эпигастрий аймағындағы жайсыздықтан шағымданатын науқастардың көбейгенін байқап жүрміз. Жасы кіші науқастар арасында семіздік пен инсулин резистенттілігі жиі кездеседі. Бұл – фастфудты, соның ішінде осындай сусындарды жиі тұтынатын науқастар», - дейді гастроэнтеролог дәрігер Майгүл Шамшидинова.
Дәрігерлер бабл-тиді аптасына бір реттен артық ішпеуге кеңес береді. Оны басқа тағамдармен бірге емес, толыққанды тамақ ретінде қабылдау қажет.