© Tengrinews.kz / Алимжан Аманжол_
- 15 мая 2026 08:00
- 27
Қазақстандық жас футболшы Карим Мендиканов "Барселона" клубымен келісімшартқа отырды
15 жастағы қазақстандық футболшы Карим Мендиканов Испанияның атақты "Барселона" клубымен келісімшартқа отырып, ел тарихындағы тұңғыш қазақстандық ойыншы атанды. Оралдан шыққан жас таланттың өмірінде бұл жаңалық үлкен өзгерістер әкеліп, тіпті Қазақстанның U-16 құрамасына шақырту алуына да себеп болды.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Барселонамен" келісімшарт: алғашқы сезімдер
Мендикановтың "Барселонамен" келісімшартқа отырғаны туралы жаңалық 1 сәуірде, алдымен испандық БАҚ-та жарияланды. Футболшының өзі бұл жаңалықты бірден қабылдай алмағанын айтты. "La Masia" (Барселонаның жастар академиясы) аккаунты менің парақшама жазылып, кейін менің "Барсамен" келісімшартқа отырғаным туралы пост шығарды. Содан кейін әкемнің жанына барып көрсеттім, ол қуанды, содан бәрі басталды", - деді Карим.
Келіссөздердің қалай басталғаны туралы сұрағанда, ол агентінің бұл жаңалықты өзіне және әкесіне бірге хабарлағанын айтты. "Барселона" сенімен қызығады" деген сөздерді естігенде, Каримнің өзіне сену қиын болған. "Әрине, бала күннен "Барсаны" қолдап келдім. Бірақ сол күні, маған хабарлағанда, тіпті сенгім келмеді. Мұндай үлкен клубқа қабылданғанымды кейін ғана түсіндім", - деп бөлісті жас футболшы.
Әкесі Русланның айтуынша, каталондық клубтың скауттары Каримді бірнеше ай бойы бақылап жүрген. "Барселонаның" бізді сынаққа шақыруы күтпеген жағдай болды. Олар бізді екі ай бойы бақылапты. "Барселонаға" дейін басқа клубтар да ұсыныс жасаған: "Реал Бетис", "Севилья", "Валенсия", "Жирона". Бірақ кейін "Ла Масиядан" келіп, бізді командада көргісі келетінін айтты. Шынымды айтсам, өзім де сенбедім, себебі Қазақстаннан, тіпті Ресейден де мұндай жағдай болмаған. Келісімшартқа отырғанда ғана сенуге тура келді", - деді Мендиканов-старший.
Құрама шақыртуы: "Үлкен жауапкершілік"
Сәуір айында Карим Мендиканов Қазақстанның 16 жасқа дейінгі құрамасына шақырту алды. Шымкентте өткен жолдастық кездесулерде ол әр ойынның соңында алаңға шықты. Алайда, жасы мен дене бітімі жағынан өзге ойыншылардан кіші болғандықтан, негізгі құрамда ойнау қиындау болды.
Құрамаға шақырту алғаны туралы хабарды досынан естігенін айтты. Алғашында сенбегенімен, кейін агенті мен әкесі арқылы расталыпты. "Ұшақпен келгенде, жігіттер мені жақсы қарсы алды. Барлығы өте жақсы адамдар", - деді Карим.
Ұлттық құраманың жейдесін кию – үлкен жауапкершілік екенін атап өтті. "Әрине, құрама үшін ойнау – үлкен жауапкершілік, ең үздік ойынымды көрсетуге тырысуым керек", - деді ол.
Оралдағы балалық шақ және жеке бапкер
Карим Мендиканов Орал қаласында туып-өскен. Футболмен алты жасынан бастап айналысады. Алғашқыда оны жаттықтырушы Сергей Кондаков байқап, ата-анасына жеке даярлауды ұсынған. Кейін 10 жылдан соң, Карим алғашқы бапкеріне алғысын білдірді.
Жеке жаттығулардан кейін командаға ауысқан. Ондағы бапкері Даурен Карловичпен бірге көптеген турнирлерге қатысып, жүлделер мен жеке марапаттарға ие болған. Алғашқы турнирі Астанада өткен, кейін Алматыға, Түркияға да сапарлаған.
Кәсіпқой футболшы болатынын сезінген сәті туралы сұрағанда, Карим бала күннен футболдан рахат алғанын, әлі де сол қалпында екенін және кәсіпқой болуға тырысатынын айтты.
"Астана" алмады, бірақ "Барселона" алды
Каримнің әкесінің айтуынша, Испанияға көшпес бұрын ұлын "Астана" футбол клубына қарауға алған, бірақ келісімшартқа отыру мәселесі шешілмеген. "Бір ай бойы қарауда болды, бірақ алмады. Неге алмағанын ешкім түсіндірмеді, кері байланыс болмады", - деді әкесі.
Каримнің өзі де бұл жағдайды есіне алды. "Нақты есімде жоқ, бірақ бірнеше жаттығу өткізгенімді білемін. Кейін хабарласамыз деді, бірақ хабарласқан жоқ", - деп бөлісті футболшы.
Испанияға көшу
2022 жылы әкесімен бірге Карим Испанияға көшіп барады. Әуелде бұл футболмен байланысты болмаған. Бала тіл үйреніп, жаңа елге бейімделе бастаған. 2022 жылы бір айлық футбол лагеріне Валенсияға барған. Оралған соң, Карим сол жақта оқығысы келетінін айтқан. Олар Испанияға оқу, испан тілін үйрену үшін барған. Бір жыл бойы еш жерде жаттықпаған. Екінші жылы Барселонаға көшіп, мектепте оқып, тек өзі үшін жаттыққан. Үшінші жылы оны бір испаниялық байқап, командаға шақырған, содан кейін "Сант Кугат" командасының скауттары оны көреді.
Испанияға көшкенде 11 жаста болғанын айтты. Ата-анасы оқу, испан тілін үйрену үшін көшуді ұсынған. Қазақстанда футболмен айналысу сәл қиындау болғандықтан, оқуға басымдық берілген.
Алаңдағы позициясы және Мессидің сыйлығы
Қазақстан құрамасында Карим оң қанаттағы шабуылшы ретінде өнер көрсеткен. Бірақ өзі кез келген позицияда ойнай алатынын айтты. Оның сүйікті позициясы – фланг, яғни оң немесе сол қанаттағы вингер. Ол пас беруді жөн көреді, себебі оң аяқпен ойнайды.
Өзіне ұнайтын футболшылар ретінде Левандовски, Харри Кейнді атады. Ал бала кезінен Роналдуға еліктегені туралы сұраққа, екі ойыншыны да ұнататынын, бірақ Мессиді көбірек жақсы көретінін айтты.
Әкесінің айтуынша, Каримде Мессидің автографы бар футболка бар. Бұл сыйлықты агенті Жаңа жыл қарсаңында сыйлаған.
Ламин Ямаль және ең үздік матч
Испанияда футболмен шұғылданып жүргенде, Ламин Ямаль, Гави, Марк Берналь сияқты жұлдызды ойыншыларды көргенін айтты. Оларға үлгі тұтатынын жеткізді.
Өзінің ең үздік матчы ретінде "Барселона" мен "Реал" арасындағы кездесуді атады. Ол ойында "Барса" 4:3 есебімен жеңіске жеткен.
Дастан Сатпаев және әлемнің үздік ойыншылары
Қазақстандық футболшылар арасынан Дастан Сатпаевты ерекше атап өтті. Ол - Қазақстаннан Еуропаға жол тартқан ойыншылардың бірі. Карим "Кайраттың" Чемпиондар лигасы ойындарын да тамашалаған.
Болашақта футбол агенті болғысы келетінін айтты. Қазіргі таңдағы үздік үш футболшы ретінде Олисе, Килиан Мбаппе және Ламин Ямальді атады.
Чемпиондар лигасының "Кайратында" ойнау немесе "Барселонаның" қосалқы құрамында отыру туралы сұраққа, ол әрине "Барселонаны" таңдайтынын айтты.