tengrinews.kz
- 24 февр. 2026 19:01
- 23
Қазақстандықтардың жаңа телефондары «кірпішке» айналуда: оператор мәлімдеме жасады
Соңғы кездері әлеуметтік желілерде Қазақстан тұрғындарының жаңадан алған немесе шетелден әкелген смартфондарының тіркелмей, «кірпішке» айналып жатқаны туралы шағымдар көбейді. Бұл жағдай көпшілікті алаңдатып отыр.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Не болды?
Әлеуметтік желілердегі жазбаларға сүйенсек, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстаннан әкелінген телефондарды тіркеу мүмкін болмай қалған. Тіпті бірнеше жыл бұрын сатып алынған құрылғылардың да IMEI кодтары қабылданбайтыны айтылуда. Бұл жағдайды пайдаланып, делдалдар мәселені 30-50 мың теңгеге шешіп беруді ұсынып үлгерген.
Оператордың жауабы
ATS Mediafon деректер базасының операторы бұл жағдайға қатысты өз пікірін білдірді. Компания өкілдерінің айтуынша, шу көбіне «сұр» жолмен жұмыс істеуге дағдыланғандар тарапынан болып отыр. Олардың айтуынша, заң талаптарын бұзбай, ресми түрде әкелінген және тиісті төлемдері жасалған құрылғылар ешқандай қиындықсыз тіркеледі.
Неге тіркеуден бас тартады?
Ең жиі кездесетін себеп – «сұр» импорт. Бұл құжатсыз және салықсыз елге әкелінген смартфондар. Мұндай жағдайда жүйе құрылғыны заңды айналымда көрмейді, сондықтан IMEI коды тексеруден өтпейді. Телефонның қай елден әкелінгені емес, оның заңды түрде елге кіргізілгені және тиісті құжаттарының бар-жоғы маңызды.
Тіркеу үшін ақы төлеу қажет пе?
Компания қарапайым пайдаланушылар үшін тексерудің әлі де тегін екенін атап өтті. Әлеуметтік желілерде айтылып жүрген 2 АЕК мөлшеріндегі төлем азаматтарға қатысты емес. Импорттаушылар мен ресми дистрибьюторлардың верификация қызметтерін көрсету туралы коммерциялық келісімшарттары бар, бірақ бұл төлемнің өзі рәсімдеудің өтуіне кепілдік бермейді. Заңды түрде әкелінгенін және салықтар мен кеден төлемдерінің төленгенін растау міндетті шарт болып қала береді.
Телефонды ресми сатушылардан алған жағдайда, әдетте, верификацияда ешқандай қиындық туындамайды. Ал ресми емес сатушылардан сатып алғанда, құрылғының заңдылығына қатысты тәуекелдерді сатып алушы өзі қабылдайды. Сондықтан өз қауіпсіздігіңіз үшін ұялы құрылғыларды тек ресми сату орындарынан сатып алу ұсынылады.