
- 07 апр. 2025 07:49
- 42
Қазақтардың банктер алдындағы берешегі қауіпті деңгейге жетіп қалды
Қазақстанда жеке тұлғалардың банктерге берешегі жылдан-жылға артып келеді. Әсіресе, бөліп төлеу (рассрочка) қызметтерін белсенді түрде ұсынатын Kaspi Bank бойынша жағдай күрделене түскен.
Соңғы ресми деректерге сәйкес, Kaspi Bank-ке 90 күннен астам уақыт төленбеген қарыз көлемі 304,7 млрд теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіш — еліміздегі банктер арасында ең жоғарысы. Сонымен қатар, банктің проблемалық несие портфелі (NPL 90+) бір жыл ішінде 41%-ға өскен.
2022 жылдың қарашасына дейін бұл тізімде Halyk Bank көш бастап тұрған еді. Алайда қазіргі таңда Halyk Bank екінші орынға түсіп, мерзімі өтіп кеткен қарыз көлемі 299,5 млрд теңгені құрап отыр.
Үшінші орында — Еуразиялық банк, онда 90 күннен астам кешіктірілген несиелер 119,5 млрд теңгеге жеткен. Ал Bereke Bank бойынша бұл көрсеткіш 88,4 млрд теңге.
Көпшілік арасында банк секторы тұрақты, халықтың борыш жүктемесі шамалы деген пікірлер тарағанымен, нақты статистика бұл ойды жоққа шығарып отыр. Кредит алу қолжетімді болғанымен, оны қайтару — үлкен проблемаға айналып келеді.
Бұл жағдайдың күрделенуіне не себеп? Банктердің несие беру саясаты ма, әлде халықтың қаржылық сауаттылығы мен төлем қабілетінің төмендеуі ме? Кредит шарттарын қатаңдату керек пе — бұл қоғамда талқылауға тұрарлық өзекті мәселе.