Photo: Visit Almaty (https://www.pexels.com/@visitalmaty) / Pexels
- 11 июн. 2026 13:30
- 30
«Құрбыларын құтқармақ болды»: БҚО-да суға кеткен үш түлектің қазасына қатысты тың деректер айтылды
Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданындағы Кіші Өзен өзенінде суға кеткен үш мектеп түлегінің қазасына қатысты жаңа мәліметтер шықты.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алдын ала деректерге сүйенсек, 17 жастағы Ұлдана Рафих, 16 жастағы Гүлхан Тұраш және 16 жастағы Нұртас Жолдығали қорытынды емтихандарды аяқтаған соң табиғат аясына демалуға шыққан. Өзен жағасында барлығы бес жасөспірім болған.
Құрбысын құтқару әрекеті
Қайғылы оқиға кезінде жақын маңдағы жасөспірімдер көмекке ұмтылған. Олар суға кеткендердің бірін құтқара алғанымен, қалған үшеуін аман алып қалу мүмкін болмады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қыздардың бірі құрбысын құтқаруға тырысып, өзі де суға кеткен. Онымен бірге болған жігіт те қаза тапты. Бұл оқиға бүкіл ауыл үшін үлкен қасірет болды.
Оқиғаның себептері мен куәгерлер
Ауыл тұрғынының айтуынша, қаза тапқандар сабақты жақсы оқыған. Олардың сыныбында барлығы тоғыз түлек болған. Бесеуі үйлеріне жақын өзенге демалуға барған. Жасөспірімдерді таныстары «Niva» көлігімен демалыс орнына апарып тастаған. Жүргізуші олардың суға түсетінін білмеген.
Құтқарушылар екінші мәйітті сағат 19:25-те, ал үшінші мәйітті 19:42-де судан шығарды. Қаза тапқандардың бірі – жүргізушінің туған қарындасы екені айтылды. Сондай-ақ, қаза болған қыздардың бірі ауылдық учаскелік полиция инспекторының қызы болған.
Қазіргі уақытта қайғылы оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, тергеу жалғасуда.
-
Three high school graduates drowned in the Kishi Uzen River in West Kazakhstan region after one attempted to rescue a friend, sparking a local investigation.