Последнее обновление

(Время обновление 6 месяцев назад)
Ресейге қысым жалғасуда: Трамп санкцияларды тағы бір жылға ұзартты

АҚШ-тың президенті Дональд Трамп Ресейге қарсы қолданылып келген санкциялардың мерзімін ресми түрде тағы бір жылға ұзартты. Бұл туралы Федералды реестр сайтында жарияланды. Бұған дейін бұл шектеу шараларын 2021 жылы Джо Байден №14024 жарлығы негізінде енгізген болатын.

Аталған санкциялар Ресейдің АҚШ-тың ішкі ісіне араласуына, кибершабуыл ұйымдастыруына, сайлау процесіне ықпал ету әрекеттеріне, сондай-ақ Ресейдің өз ішіндегі оппозиция мен еркін БАҚ-қа қысым көрсетуіне байланысты қабылданған еді. Құжат шеңберінде көптеген ресейлік жеке және заңды тұлғаларға, сондай-ақ мемлекеттік құрылымдарға санкциялар салынған.

Трамп санкцияларды ұзарту туралы шешімін түсіндіріп, "Ресейдің АҚШ-қа қарсы әрекеттері бәсеңдеген жоқ, сондықтан ұлттық қауіпсіздік үшін бұл шараларды сақтау қажет" деп мәлімдеді.

Сонымен қатар, Трамп биылғы 27 ақпанда тағы бір маңызды құжат – №13660 жарлықтың мерзімін де ұзартты. Бұл жарлық Барак Обама тұсында қабылданған және Ресейдің Украина егемендігі мен аумақтық тұтастығына қарсы әрекеттеріне жауап ретінде әзірленген.

Осы аптаның өзінде АҚШ пен Ресей арасында Украинадағы соғысты тоқтату жайлы бірнеше келіссөз өтті. 11 сәуірде Трамптың арнайы өкілі Джейсон Уиткофф Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен кездесіп, бұл екі ай ішіндегі үшінші кездесу болды. Алайда Ресей тарапы әлі де болса қақтығысты тоқтатуға дайын емес екенін байқатып отыр. 13 сәуірде Ресей күштері Украинаның Сумы қаласына соққы жасап, 32 бейбіт тұрғын қаза тапты.

Axios агенттігінің хабарлауынша, АҚШ сәуірдің соңына дейін соғысты тоқтатуды талап еткен. Егер бұл орындалмаса, Вашингтон санкцияларды одан әрі күшейтуді көздеп отыр. Трамп бұған қоса, Ресейден импортталатын тауарларға кедендік баж салығын көтеру және мұнай секторына қосымша шектеу енгізу жоспарын жария етті.

You Might Also Like

Новости

Реклама