Photo: Francesco Ungaro (https://www.pexels.com/@francesco-ungaro) / Pexels
- 25 февр. 2026 05:31
- 15
Странджа кубогы: Қазақстандық алты боксшы жарысты жалғастырады
Болгария астанасы Софияда өтіп жатқан Странджа кубогында қазақстандық алты боксшы жарысты жалғастыру мүмкіндігін иеленді. Бұл туралы QazaqToday.info ақпараттық порталы хабарлайды.
Күндізгі кездесулерде 51 келі салмақта Жазира Орақбаева, 70 келіде Мәдина Нұршаева, 54 келіде Әнел Сақыш, Элина Базарова, Жайна Шекербекова және 55 келіде Бағлан Кенжебек өз бақтарын сынауды жалғастырады.
Алайда, 51 келідегі Анита Адишева мен 55 келідегі Тимур Қабдешов турнирден шығып қалды.
Енді кешкі сессияда бірнеше қазақстандық боксшы рингке шығады. А рингінде 65 келіде Әбдікәрім Әбдіғалым, Илья Калинин, Ертуған Зейнуллинов, 90 келіде Дәулет Төлемісов ел намысын қорғайды. Ал Б рингінде 85 келіде Сұлтанбек Айбарұлы, Бекзат Таңатар және 90 келіде Нұрмагамед Юсупов өнер көрсетеді.
Айта кетейік, Қазақстаннан 39 боксшы бұл турнирге қатысуда. Странджа кубогы биыл 77-ші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл – Еуропадағы ең тарихи спорттық жарыстардың бірі.
Қазақстан құрамасы бұл турнирде бұған дейін 23 алтын, 34 күміс және 45 қола жүлдеге ие болған. Қазақстандық боксшылар алғаш рет 1994 жылы осы додада бақ сынап, 75 келідегі Валерий Кузменцов күміс жүлде алған болатын. Ал 2005 жылы Серік Сәпиев (60 келі) Қазақстаннан шыққан алғашқы чемпион атанды. Әйелдер арасында Валентина Хальзова екі рет жеңімпаз атанса, ерлер арасында Ертуған Зейнуллинов қатарынан екінші мәрте чемпион атану мүмкіндігіне ие.