
- 20 мая 2025 23:48
- 25
Тоқаев пен Орбан Астана мен Будапешт арасындағы стратегиялық әріптестікті тереңдетуге келісті
Тоқаев пен Орбан Астана мен Будапешт арасындағы стратегиялық әріптестікті тереңдетуге келісті
АСТАНА. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанмен келіссөз өткізіп, қазақ-мажар қарым-қатынасын жан-жақты дамыту мәселелерін талқылады.
Президент 2023 жылы Будапештке жасаған мемлекеттік сапары аясында қол жеткізілген стратегиялық келісімдерді еске алып, бұл сапар Астана мен Будапешт арасындағы өзара түсіністікті нығайтуда маңызды рөл атқарғанын атап өтті.
Сауда және инвестиция – басым бағыт. 2024 жылы екіжақты сауда көлемі 200 млн доллар болған, ал биылғы алғашқы тоқсанда бұл көрсеткіш 37% өскен. Қазақстанға тартылған мажар инвестициясының көлемі 370 млн доллардан асты. Қазіргі уақытта 700 млн долларды құрайтын 16 бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр. Олар машина жасау, ауыл шаруашылығы және логистика салаларын қамтиды.
Келіссөзде Тоқаев ертең өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінің маңыздылығына тоқталып, Қазақстанның ТМҰ аясында барлық басым бағыт бойынша сындарлы ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін айтты.
Виктор Орбан сапарға шақырғаны үшін алғыс білдіріп, екі ел арасындағы қарым-қатынастың қарқынды және тұрақты даму үстінде екенін ерекше атап өтті. Премьер-министр Қазақстан тарапына саммитті ұйымдастыруда көрсетілген қолдау үшін ризашылығын жеткізді.
Кездесу барысында тараптар энергетика, сауда және инвестиция салаларындағы бірлескен жобалардың іске асырылу барысын, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.