tengrinews.kz
- 08 июн. 2026 10:30
- 30
Украина мен "евротройка" елдері бейбітшілікке бес шарт қойды
Германия, Ұлыбритания, Франция және Украина басшылары Лондондағы кездесуде Украинада әділ әрі тұрақты бейбітшілікке қол жеткізу үшін бес шартты атап өтті. Бұл туралы DW агенттігіне сілтеме жасап Tengrinews.kz хабарлайды.
Фридрих Мерц, Кир Стармер, Эмманюэль Макрон және Владимир Зеленский Лондон кездесуінде бірлескен мәлімдеме жасап, оны жексенбі, 7 маусымда британ үкіметінің сайтында жариялады.
Олар Киев пен Мәскеу арасындағы бейбіт келіссөздерге еуропалық елдердің «белсенді қатысуы» қажеттігін мәлімдеді.
Кездесу барысында Ресей экономикасына қысымды күшейту, Украинаға әскери көмекті арттыру, әуе қорғанысы мен қашықтан соққы жасау үшін қажетті зымырандарды бірлесіп өндіру мәселелері талқыланды.
Кездесуге қатысушылардың пікірінше, Украинада тұрақты бейбітшілік орнатудың бес шарты:
Бірінші шарт – қақтығыстарды тоқтату.
Екінші шарт: қазіргі байланыс желісі келіссөздер үшін бастапқы нүкте болуы тиіс.
«Халықаралық шекаралар күшпен өзгертілмеуі керек, ал Украинаның өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және одақтарды таңдау тетіктерін дербес анықтау құқығы қатаң сақталуы тиіс», - делінген бірлескен мәлімдемеде.
Үшінші шарт – бітімгершілік режимі күшіне енгеннен кейін Украинаға қауіпсіздік кепілдіктері берілуі керек, оның ішінде Украинада көпұлтты күштердің орналастырылуы бар.
«Төртіншіден, Ресей агрессиялық соғысты тоқтатып, соғыс кезінде келтірілген залалды өтемегенше, ресейлік активтер бұғаттаулы қалады», - делінген мәлімдемеде.
Ақырында, бесінші шарт – кез келген келісім еуропалық қауіпсіздік мүдделерін қамтамасыз етуі керек. Еуропа Одағы мен НАТО-ға қатысты келіссөздер бөлігі ЕО елдері мен Солтүстікатлантикалық альянс одақтастарының келісімін талап етеді.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Украина президенті Ресей президенті Владимир Путинге жолдаған ашық хатында соғысты тоқтатып, олардың жеке кездесуінің «нақты күнін» белгілеуді ұсынған болатын. Ол сондай-ақ «екіжақты трекке» басқа қатысушылар – Еуропа мен АҚШ қосылуы мүмкін екенін атап өтті.
Зеленскийдің хатына жауап ретінде Путин келесі күні олардың кездесуінің «мәнін көрмейтінін» мәлімдеді. Кремль басшысы хатты «әдепсіздік элементтері» мен «мүмкін кездесуге кедергі келтіретінін» айтып, «соғыс аяқталады, және біз (Ресей. - ред.) қойылған мақсаттарға жетіп, оны аяқтаймыз» деп мәлімдеді.