Последнее обновление

(Время обновление 11 минут назад)
ҰҚК Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омарға қатысты тергеуді растады

Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омарға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын растады.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Не болды?

Ақпарат 13 ақпанда желіде пайда болды. Сол кезде облыстық әкімдікте бұл туралы мәлімет жоқ екенін айтқан. Сондай-ақ, әкімдіктен «Орынбасар денсаулығына байланысты уақытша демалыс алған» деп хабарланған болатын.

Редакция тілшісі шенеунікпен байланысуға тырысқанымен, ол қоңырауларға жауап бермеді.

ҰҚК не дейді?

Ал Ұлттық қауіпсіздік комитетінен шенеунікке қатысты тергеу басталғаны туралы хабарланды:

«Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді», – делінген ведомствоның ресми сауалға берген жауабында.

Алайда, ҰҚК нақты қандай айып тағылғанын немесе Қылмыстық кодекстің қай бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын нақтыламады.

Жақсылық Омар туралы не белгілі?

Жақсылық Омар 1980 жылы 28 қыркүйекте Алматы облысы Алакөл ауданының Үшарал ауылында дүниеге келген. Ол 2001 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін «география» мамандығы бойынша, 2010 жылы Қазақ гуманитарлық-заңгерлік инновациялық университетін «жергілікті және мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша бітірген. 2018 жылы Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде экономика ғылымдарының магистрі дәрежесін алған.

Еңбек жолы

2001-2005 жылдары Омар Мәдениет және ақпарат министрлігінде жетекші және бас маман болып жұмыс істеді. 2005-2007 жылдары Қаржы министрлігінде маман болды.

2007-2009 жылдары «Қазақстан» телерадиокорпорациясының ақпараттық-талдау бағдарламалары дирекциясы директорының орынбасары, содан кейін «Арна медиа» холдингінің бас менеджері қызметтерін атқарды. 2009-2010 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің көмекшісі болып жұмыс істеді. 2010-2011 жылдары ШҚО ішкі саясат басқармасын басқарды. 2011-2013 жылдары ШҚО мәдениет басқармасын басқарды. 2013-2016 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2016-2018 жылдары Алматы облысы әкімінің орынбасары болды.

Осыдан кейін 2018-2024 жылдары Жақсылық Омар Өскемен қаласының әкімі қызметін атқарды. 2024 жылдан 2025 жылдың 4 сәуіріне дейін ШҚО әкімінің кеңесшісі болып жұмыс істеді. 2025 жылдың 7 сәуірінен бастап Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарып келеді.

Новости

Реклама