Қазақстандық ММА жұлдызы Қуат «Найман» Хамитов тағы да көпшіліктің назарын өзіне аударды. Бұл жолы тәжірибелі спортшы танымал актер әрі файтер Еркебұлан Тоқтармен жұдырықтасуға ниет білдіріп отыр. Бірақ шарт бойынша жекпе-жек ММА емес, кәсіпқой бокс ережесімен өтуі тиіс.
Хамитов өзінің Instagram парақшасында отандық промоушендерді сынға алып, нағыз шоудың жоқтығына қынжылды. Оның ойынша, жанкүйерлер күткен нағыз "блокбастер" — осы екі жұлдыздың кездесуі болмақ.
«Найманның» пікірінше, Қазақстандағы қазіргі турнирлер жанкүйерлердің талабына сай емес.
«Кешір, братан, бірақ...»
Қуат Хамитов жергілікті ұйымдастырушылардың деңгейіне көңілі толмайтынын ашық айтты. Ол қазіргі жекпе-жек кештерін «жасанды» деп бағалады.
«Қазақстандағы промоутерлердің турнир ұйымдастыру деңгейінен шынымен де көңілім қалды! Нағыз масштаб қайда, шоу қайда? Бәрі жасанды, бәрі өтірік қой… Жылдың ең айтулы жекпе-жегі – Қуат Хамитов пен Еркебұлан Тоқтар арасындағы кездесу! Бұдан асқан жекпе-жек отандық бокс алаңында болмайды!», – деп жазды спортшы.
Сонымен қатар, Хамитов өзінің жеңіске жететініне жүз пайыз сенімді. Ол қарсыласына деген құрметін сақтай отырып, рингте аямайтынын ескертті: «Мен кешірім сұраймын әрине, бірақ, бокстан ұрып жіберем, братан».
Тәжірибе мен жастық: Кім мықты?
Егер бұл жекпе-жек расымен өтсе, кімнің басым түсетіні қызық сұрақ.
-
Қуат Хамитов: Кәсіпқой бокста бір ғана кездесу өткізген. Былтыр қыркүйекте отандасы Нұрберген Шәріповті төрешілер шешімімен жеңген болатын.
-
Еркебұлан Тоқтар: Ол да осал қарсылас емес. Жақында ғана, 16 тамызда Қонаевта өткен Octagon 77 турнирінде ирандық Фарзад Гадериді екінші раундта техникалық нокаутпен жеңді. Бұл оның ММА-дегі 11-ші жеңісі еді.
Әзірге Еркебұлан Тоқтар тарапынан ресми жауап болған жоқ.


