Абай облысындағы әйелдер колониясында 63 жастағы сотталған әйел ұлымен кездесті. Ұлы анасымен үкім шыққаннан кейін араласпай келген еді, бұл жолы ол анасына кездесуге келді. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Облыс бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі түсіндіргендей, әйел ақша қаражатын жымқырғаны үшін сегіз жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын өтеуге әйелдер колониясына келген. Ол Алматы облысының тумасы.
Психологтармен жеке әңгіме барысында сотталған әйел екі ересек баласы барын айтты: 40 жастағы ұлы және 38 жастағы қызы. Үкім шыққаннан кейін анасымен тек қызы ғана хабарласып тұрған. Ал ұлы анасының әрекетін отбасы үшін ұят санап, онымен араласуды тоқтатқан.
Әйел айырылысуды ауыр кешіріп, ұлын көруді армандады. Мұны білген мекеме қызметкерлері онымен хабарласып, әңгіме жүргізіп, сотталғандар үшін жақындарының қолдауы қаншалықты маңызды екенін түсіндірді. Көп ұзамай ұлы анасын көруге келді — бұл кездесу ол үшін күтпеген қуаныш болды.
«Бір кездері мемлекеттік мекемеде жұмыс істеп, жақсы табыс таптым, балаларыма ең жақсысын беруге тырыстым. Оларды тәрбиелеп, адал өмір сүруді, заңды сақтап, одан ешқашан аттамауды үйреттім. Алайда өкінішке қарай, өзім қателік жасап, қазір соның сазайын тартып отырмын. Балаларым торға түскендерді әрдайым жазғырып келетін, ал бір күні олардың өз анасы осындай жағдайға тап болады деп ешқайсымыз ойлаған емеспіз. Мені соттағаннан кейін ұлым менімен араласуды тоқтатты. Қызым да бірден емес, уақыт өте келе кездесуге келе бастады. Осы уақыт бойы менің бір арман-тілегім болды — ұлымды көріп, онымен сөйлесу. Онымен бірнеше рет хабарласуға тырыстым, бірақ ол қоңырауларыма да, хаттарыма да жауап бермеді. Міне, бүгін мені кездесу бөлмесіне шақырғанда, көзіме сенбедім — алдымда әдемі гүл шоғымен ұлым тұр еді. Қуаныштан тіпті аяғым әлсіреп кетті. Сол сәтте болып жатқанның бәрі түс сияқты көрінді. Біздің кездесуіміз көз жасына, қуанышқа және түрлі сезімге толы болды. Ұлым менен кешірім сұрады, біз бір-бірімізге енді байланысты үзбейміз, қасында боламыз және әрдайым қолдаймыз деп уәде бердік. Осы кездесуді ұйымдастыруға көмектескен мекеме қызметкерлеріне алғыс айтамын. Олар болмаса, бұл сәтті тағы қанша уақыт күтетінімді білмеймін. Бүгін менің отбасым бар екенін және осы қабырғадан тыс жерде мені күтіп жүргендер бар екенін қайта сезіндім», — деп бөлісті сотталған әйел.


