Абай облысында 1982 жылы туған, Семей тұрғыны Ринат Ахметовтің денесі табылды. Ер адамды 4 қарашадан бері іздестіріп келген, ал оның Lexus LX 570 көлігі бұған дейін сайда табылған болатын. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, 11 қарашада сағат 15:40-та іздестіру шаралары барысында полицейлер Ринат Ахметовтің денесін тапты.

«Ер адамның денесі Бородулиха ауданындағы Нововасильевка ауылынан шамамен 35 шақырым жердегі даладан табылды. Алдын ала деректерге сәйкес, өлім себебі денесінің қатып қалуы болуы мүмкін. Өлімнің нақты себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды», — деп хабарлады Абай облысының полиция департаменті.

Іздестіруге 60-тан астам полицей, оның ішінде арнайы жедел әрекет ету жасағының 30 қызметкері қатысты. Сондай-ақ төтенше жағдайлар органдарының 10 қызметкері, 50 әскери қызметші, төрт ерікті, жоғалған адамның 10 туысы мен досы және жергілікті тұрғындар жұмылдырылды. Жету қиын жерлерде жергілікті тұрғындардың 12 тракторы мен полицияның екі квадроциклі пайдаланылды.

Абай облысының полиция департаментінде марқұмның туған-туыстарына көңіл айтты.

Еске салайық, Семей тұрғыны 2026 жылы 4 қарашада үйінен шығып кеткен. 7 қарашада оның 69 жастағы әкесі «102» арнасына хабарласып, іздестіруге көмек сұраған. 9 қарашада іздестіру шаралары барысында Бородулиха ауданындағы Алексеевка ауылынан шамамен 15 шақырым жердегі сайдан жоғалған адам жүрген Lexus LX 570 көлігі табылған.