Ақмола облысында сот ер адамға өз ұлына қатысты зорлық-зомбылық әрекеттері үшін қоғамдық жұмысқа тарту жазасын тағайындады. Алайда бала әкесін кешіріп, оны жазаламауды сұраған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ақмола облысы соттарының ресми Telegram-арнасында хабарланғандай, Сандықтау аудандық соты кәмелетке толмаған балаға қатысты дене жарақатын келтірген, бірақ денсаулыққа зиян келтірмеген зорлық-зомбылық әрекеттері бойынша айыпталған ер адамға қатысты қылмыстық істі қарады (Қылмыстық кодекстің 109-1-бабының 2-бөлігінің 8-тармағы).
Сот анықтағандай, сотталушы үйде 2015 жылы туған ұлымен бірге болған кезде, онымен жанжал барысында баланы киімінен кеуде тұсынан ұстап, алақанымен құлағына ұрып, оны бір жаққа итеріп жіберген.
Сотта әкесі кінәсін мойындап, жасағанына өкінді. Ұлы әкесін кешіріп, жазаламауды сұрады, болған жанжалда өзін кінәлі санады, қазіргі уақытта оңалту орталығында болғандықтан, үйге қайтқысы келді.
Кәмелетке толмаған бала сотта педагог пен психологтың қатысуымен жауап алынды. Кәмелетке толмаған баланың қорғаушысы тараптардың татуласуына байланысты іс жүргізуді тоқтатуды сұрады. Кәмелетке толмаған баланың заңды өкілі, қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі маман баланы тиісті тәрбиелеу және оған лайықты бақылау жасау қажеттігін атап өтті. Тараптардың татуласуына қарсы болды. Педагог-психолог кәмелетке толмаған баланың мінезі күрделі екенін және ата-анасы тарапынан тиісті тәрбие, көңіл бөлу және бақылауды қажет ететінін түсіндірді. Ер адамға бала тәрбиесі және онымен қарым-қатынас жасау мәселелері бойынша тиісті ұсыныстар берілді.
Сынып жетекшісі әкесі ұлының өміріне қатысатынын, ата-аналар жиналысына келетінін, оның оқуы мен тәрбиесіне қызығатынын түсіндірді. Сонымен қатар, әкесі тарапынан кәмелетке толмаған баланы тиісті тәрбиелеу және оның мінез-құлқын бақылау қажеттігін атап өтті. Ер адамның кінәсі кәмелетке толмаған жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, зерттеу қорытындыларымен және істің басқа да материалдарымен расталды. Қылмыстық кодекстің 109-1-бабының 2-бөлігінің 8-тармағының санкциясында айыппұл не түзеу жұмыстары, не қоғамдық жұмыстар, не 30-нан 50 тәулікке дейінгі қамауға алу түріндегі жаза қарастырылған.
Қылмыстық құқық бұзушылық кәмелетке толмаған балаға қатысты зорлық-зомбылық қолдануға байланысты болғандықтан, тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық істі тоқтату туралы өтініш қанағаттандыруға жатпайды.
Кәмелетке толмаған баланың бұдан әрі тұруы, орналастырылуы және оның құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету мәселелері бала құқықтарын қорғау жөніндегі тиісті органдардың құзыретіне жатады және үкіммен шешілуге жатпайды.
Жаза тағайындау кезінде сот ер адамның кінәсін толық мойындағанын, жасағанына өкінгенін, жәбірленуші сотталушыны кешіргенін, қатаң жазалауды талап етпейтінін, келтірілген дене жарақаттары денсаулыққа зиян келтірмегенін, сондай-ақ сотталушының материалдық жағдайын (тұл ер адам, уақытша жұмыс істемейді) ескерді. Сот үкімімен 100 сағат қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындалды. Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.


