Ақтөбенің шетіндегі Рауан-2 тұрғын алабында мыңнан астам үй әлі күнге дейін орталықтандырылған сумен қамтылмаған. Су құбыры 90%-ға салынып біткен, алайда жобаны аяқтауға 796 миллион теңге жетпейді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

КТК телеарнасының дерегінше, алап тұрғындары он жылдан астам уақыт суды қаладан өздері тасып әкеледі. Бір отбасы күніне 200 литрге дейін су жұмсауы мүмкін. Жаңбыр басталғанда жолдардың жай-күйіне байланысты адамдар су әкелуге шыға алмай қалудан қорқады.

«Ыдыс жууымыз керек, кір жууымыз керек, өзіміз шомылуымыз керек, ал су жоқ. Осы уақыт бойы оны қаладан тасып әкеліп жүрміз. Жақында жаңбыр басталады, жолдарды шайып кетеді, сонда суға да шыға алмай қаламыз», — деді алап тұрғыны Зада Мизамбаева.

Су құбырын тарту былтыр көктемде басталған. Тұрғындарға оны жаздың соңында іске қосамыз деп уәде етілген, алайда қазанның ортасына дейін үйлерге су кірмеді.

«Желі тартылды, әр үйге тармақ жасалды. Мысалы, менде бәрі дайын, бірақ шүмекте су әлі жоқ», — деді алап тұрғыны Серік Мектепов.

Әкімдік негізгі және ішкі кварталдық желілердің тартылғанын, резервуар салынғанын, жабдық орнатылғанын растады. Алайда қаржының жетіспеуіне байланысты жұмысты аяқтап, жүйені іске қосу мүмкін болмай отыр.

«Бұл жоба облыстық бюджеттен қаржыландырылады, жобаның жалпы құны – 2,3 миллиард теңге. Аяқтау үшін бізге облыстық бюджеттен 796 миллион теңге қажет», — деді Ақтөбе қаласы әкімдігі құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі Ақсұңқар Құлданбаев.

Қалалық әкімдік жетіспейтін соманы облыстық бюджеттен бөлуге сұраныс жіберген, бірақ әзірге жауап келген жоқ. Жұмысты аяқтау және су құбырын іске қосу мерзімі белгісіз.