Жамбыл облысында алаяқтық үшін бұрын екі рет сотталған ер адам әйелді жоғары пайда уәде етіп қайтадан алдап, тағы да бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жамбыл облысы соттарының ресми Telegram-арнасында мәлім болғандай, Мойынқұм аудандық соты Түркістан облысының тұрғынына қатысты қайталап алаяқтық жасады деген айып бойынша қылмыстық істі қарады (Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігінің 4-тармағы).
Сот 2025 жылдың шілдесінде алаяқтық үшін бұрын екі рет сотталған ер адам TikTok-тағы жалған парақша арқылы криптовалютаға инвестиция салуды жарнамалап, адамдарға жоғары табыс уәде еткенін анықтады. Жәбірленушінің сеніміне кіріп, оны ақша салуға көндірді, алғашында оған аздаған пайда төлеп берді. Әйел банктерден кредит рәсімдеп, ақша аударуды жалғастырды. Алынған ақшаны сотталушы өз қалауынша жұмсады.
Салдарынан жәбірленушіге жалпы сомасы 2,1 млн теңгеден астам материалдық залал келтірілді.
Кінә тараптардың жауаптарымен, банк үзінділерімен, ақша аударымдары туралы құжаттармен және істің басқа да материалдарымен дәлелденді.
Прокурор сотталушыға 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сотталушы кінәсін толық мойындап, өкінді. Бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.
Жәбірленуші азаматтық талапты қолдап, сотталушы залалды толық өтесе, оны кешіруге дайын екенін білдірді.
Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігінің санкциясы ұрланған мүліктің екі еседен үш есеге дейінгі мөлшерінде айыппұл не 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.
Сот кінәні мойындау мен өкінуді жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп таныды.
Сот үкімімен ер адам Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігінің 4-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Рақымшылық туралы заңды және бұрынғы үкімдер бойынша жазаларды ішінара қосу ескеріліп, оған түпкілікті 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сотталушыдан жәбірленушінің пайдасына 2,1 млн теңгеден астам сома өндірілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.


